Универсиада-2017 ойындарының өткізілуіне орай Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғысы шипажайына мыңдаған спортшы мен қонақтар  келмек.

Трассаларды жарыстарға дайындау үшін «Шымбұлақ» 9 қаңтардан бастап  сырғанауға арналған «Комби 1» («Профессор», «Азиада», «Труба», «Поле Чудес», «Олимпийский», «Терраса») трассаларын жабатын болады. Ал басқа трассалар, атап айтқанда, «Сол жақ Талғар»: «Дядя Богданович», «Зеленая поляна», «Солнечная долина»; «Комби 2»: «Талғар», «Гребень двадцадки»; «Травелатор»: «Белый мишка»; «Змейка» бұрынғы қалпында жұмыс жасайтын болады, — деп хабарлайды ҚазАқпарат Универсиаданың ресми сайтына сілтеме жасап.

«Комби 1» арқан жолы жаяу туристерге, сондай-ақ, сырғанауға келгендерді көтеру және түсіру үшін штаттық тәртіпте жұмыс жасайтын болады. Жабылып жатқан сырғанауға арналған трассаларда спорттық трассаларды салу, телехабар тарату үшін тау баурайы арқылы кабельдерді жүргізу, камералардың орнын белгілеу, уақытша құрылымдарды салу және монтаждау, «В» және «С» санатындағы қауіпсіздік желілерін орнату жұмыстары жүргізіледі. Трассалардың бір бөлігі жабылатындықтан, шипажайға күндізгі уақытта келушілердің барлығына Универсиада аяқталғанға дейін 30 пайыздық жеңілдік жасалады.

Сондай-ақ, shymbulak.com немесе homebank.kz сайттарында төмендетілген бағамен онлайн-төлем жасау кезінде қосымша тағы 30 пайыздық жеңілдік ұсынылады. Естеріңізге салып өтейік, «Шымбұлақ» тау-шаңғысы шипажайында слалом, жарыспалы слалом, слалом-гигант, жарыспалы слалом-гигант, супер-гигант, комбинация (супергигант, слалом), шаңғы кросы, сноуборд-кросс, слоупстайл, жұптық могул секілді дисциплиналарда жарыстар өтеді.

 

Пікір қосу