Туған жылы, жері, білімі

Баян Есентаева 1974 жылы 9 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген. Ол елімізге белгілі продюсер, актриса.

Балалық шағы

Баян кішкентай кезінен әртіс болуды армандайды. Бірақ, оған анасы түбегейлі қарсы болады. Сөйтіп, анасының айтуымен педагогикалық институтқа оқуға тапсырады. 3 жылдан соң, құжаттарын алып, кинофакультетке ауысады. Бұл қадамын Баян ата-анасынан құпия ұстайды. Тек жарты жылдан соң сессия кезінде ғана айтады.

Ол кішкене кезінен өзінің ерте ме, кеш пе кинода немесе театрда басты рөлде ойнайтынына сенімді болған. Расында да режиссер Талғат Теменов Баянды «Махаббат бекеті» фильміне басты рөлге шақырады. Кино 1993 жылы жарыққа шығады. Осылайша, 18 жасар Баян Мухитденованы бүкіл қазақ елі таниды. Оның кинодағы алғашқы қадамы осылай басталады.

Студент Баян

Әртістік арманына қол жеткізген Баян өзін журналистика саласында сынап көрмекші болады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға тапсырады. Алайда, осы кезде ол тұрмысқа шығады. Сол себепті, көп уақытын балаларына, үй тіршілігіне арнайды. Университетті аяқтаған соң Баян журналистік қызметіне кірісіп, авторлық жобасын қолға алады. «Таң» телеарнасынанан көрсетілетін «Желтый салон» атты жұлдыздармен сұхбаттасатын бағдарламасын өзі дайындайды. Осы үшін 50 доллар жалақы алады. Бұл оның алғашқы жалақысы болды.

Алғашқы жетістіктері

Біршама уақыт өткен соң «Таң» телеарнасы жабылып қалады да, Баян Есентаеваны «НТК» телеарнасы жұмысқа шақырады. Оның «На шпильке» бағдарламасы бірден танымалдылыққа ие болады. Алайда, Баян Есентаеваны телевидение де жалықтыра бастайды. Ол өзін басқа жаңа қырынан көрсеткісі келеді. Сөйтіп, 2006 жылы танымал қазақстандық топ «Кешью» тобын құрып, продюсер атанады.

Ол телевидениеге келгенге дейін «Жас қанат» және «Азия дауысы» байқауларының лауреаты атанғанымен, өзінің Роза Рымбаева немесе Уитни Хьюстон емес екенін  түсініп, сахнадан біржола кетеді.

Продюсер Баян

Баян Есентаева өз сұхбаттарының бірінде: «Мені шабыттандырған бір-ақ нәрсе — орта жастағы тоқырау. 36 жасқа толған кезімде мен екі көзіме жас толып ояндым және өз-өзіме: «Баян, бәрі артта қалды. Сен қартайдың. Ешкімге керек емессің» дедім. Менде тоқырау кезеңі басталды, жарты жылдай жабығып жүрдім. Бірақ, есесіне сол уақытта «Жұлдыздарға арналған коктейль» фильміне продюсерлік еттім». Осы жағдай Баянды ғаламат жобалар жасауға шабыттандырды.

Бір жылдан соң продюсер бұл фильмнің екінші бөлімін жарыққа шығарады. Сондай-ақ, осы кезде Баян телевизиядағы ірі жобалар «Екі жұлдыз» және «Саз әлемі» бағдарламаларының тізгінін ұстады.

2013 жылы Баян өзі басты рөлде ойнаған «Абайлаңыз, сиыр!» фильмін түсірсе, 2014 жылы «Қазақ аруы» жобасын іске асырады. Мұнымен тоқтамаған продюсер «Лашын» атты қыздардан құралған жаңа топты қазақ эстрадасына әкеледі. Одан өзге Жанар Дұғалова «Turkvision-2014» конкурсында жеңіске жетіп, «Махаббатым жүрегімде» сериалы жарыққа шығады.

Отбасы

Қазір продюсердің 2 қызы бар. Олар: Айсәуле және Айару. Үлкен қызы Айсәуле шетелді білім алуда, ал кіші қызы мектепте оқиды. Оның бұрынғы күйеуі — Бақытбек Есентаев.

Пікір қосу