Туған жылы, жері, білімі

Белгілі жазушы, драматург,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 1942 жылдың 20 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. 1966 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетін бітірген (қазіргі ҚазҰУ). 

Отбасы

Дулат Исабековтың жары Нұрғайша – филолог. Үлкен ұлы Естияр – заңгер. Қызы Айман – жоғары оқу орнында мұғалім. Оның егізі Шолпан фармацевтикалық компанияда қызмет істейді. Бір немересі шетелде оқыса, одан кейінгісі Малайзияда білім алып келіп, қазір бизнес басқару саласында жұмыс істейді.

Балалық шағы

Дулат Исабеков оқушы кезінен көркем әдебиетті жақсы көреді. Мектепті бітірген соң Ташкенттегі институтқа екі рет тапсырып, түсе алмайды. 1966 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің  филология факультетінен бітірген.  Бұл туралы Д.Исабековтың: «Мен жазушылыққа тікелей филология факультетінен келгенмін», — деп айтқан сөзі бар.

Еңбек жолы

1967 — 68 ж. — Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор; 1968 -70 ж. — Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор; 1971 — 76 ж. — «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі; 1976 — 80 ж. — «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі; 1980 — 88 ж. — Қазақстан Республикасы Мәдениет министр репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы; 1988 — 97 — жылы Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы; 1997 жылдан Қазақстан Республикасы Мәдениеттану ғылым зерттеу институтының директоры, «Мәдениет» журналының бас редакторы.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жылы: Жылқы

Жұлдызы: Таразы

Сүйікті сусыны: Сүт қатқан шай

Тағамы: Жұқпа, нарын, нансалма

Ақыны: Байрон

Жазушысы: М.Әуезов, Л.Толстой

Кітабы: Барлық жақсы кітап

Киносы: «Менің атым Қожа»

Әншісі: Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева

Өмірлік ұстанымы: Ақын болмасаң да, азамат бол!

Шығармашылығы

Алғашқы әңгімесі «Жолда», «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер» (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы басылды. Тандаулы повестері «Екі жиырма» (1983) деген атпен жарық көрді. Бір-қатар шығармалары орыс тіліне аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. Исабектің «Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңгі күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), т.б. пьесалары республика, облысы театр сахналарында қойылды. Тандаулы пьесалары «Жеті желкен» 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындылары бойын¬ша «Гауһар тас» (режиссер Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (режиссер Асанәлі Әшімов, 1986) көркем фильмдері түсірілді.

Жеткен жетістіктері мен марапаттары

Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығының (1985, «Мұрагерлер» пьесасы үшін), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1992), Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты (2006).

1 пікір

Пікір қосу