Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков — 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы.

Туған жылы: 13 наурыз 1966 жылы (21 мамыр 1988 жылы дүниеден өтті)

Туған жері: Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылы

Білімі:  

  • 1973 – 81 жылы Шу ауданы Төле би ауылындағы орналасқан Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқып, 8 жылдық білім алды;
  • 1981 – 83 жылы Бірлік ауылындағы бұрынғы Киров атындағы орта мектепте оқып, он жылдықты бітірген.

Еңбек жолы:

  • Көктерек тауарлы-сүт фермасында жәрдемші-малшы;
  • 1984 – 86 жылы Амур өлкесі Белогор қаласында әскери міндетін өтеді;
  • 1986 жылы мамырда әскери борышын өтеп, ауылға оралды;
  • 1986 жылы Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түсті.

Ол 1986 жылы 16 – 18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Бірақ, 1987 жылдың қаңтарында ішкі істер органының қызметкерлері «Алматыда бір төбелеске қатысты» деген желеумен Рысқұлбековті Мойынқұм ауданының орталығында тұратын нағашысы – М.Асанбаевтың үйінде демалып жатқан жерінен ұстап әкетеді. Кейіннен, оны С.Савицкийдің өліміне кінәлі етеді.

Қайрат

Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Рысқұлбеков – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды.

Марапаттары:

  • Қайрат Рысқұлбеков Қазақстан Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылы 21 ақпандағы шешімімен толықтай ақталып, «Халық қаһарманы» атағы берілді.
  • Тараз қаласында Рысқұлбеков есімімен аталатын демалыс паркі және ескерткіш қойылған.

Қайрат Рысқұлбековтің соңғы жазған хаты:

«…Иә, мен сiздерден еш жасырмаймын, мен 18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшiлiкпен бiрге. Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Тек қана, ол жерге барған себебiм, бар мақсатым, бiрiншiден, ол жерде не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды. Екiншiден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып «күл болмасаң, бүл бол» деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi. Менiң түсiнiгiмше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың, хайуандардың еркегi де ұрғашысына мүйiз, я болмаса тұяғын көтермейдi. Әйел затына айуандықпен қол көтерiп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегенi үшiн бiр милицияны ұрып-соққаным өте рас. Ол адам күнi бүгiнге дейiн аман-есен зыр жүгiрiп жүр. Өз қолыммен жасаған бар терiс қылық, бар қылмысым осы ғана».

Пікір қосу