– «Жан Жази» атты сұлулық салонын ашқаныңызды, сахнада киген көйлектеріңізді сол жерге қойып, прокатқа беріп жүргеніңізді инстаграмдағы парақ­шаңыз­да жазып келесіз. «Прокаттан түскен қаражатты қайырымдылық шараларына арнаймын» деген де сөзіңіз бар екен. Мұндағы мақсат не?
– Менің жасап жүргенім, үлкен істермен айналысып, көпшілікке қомақты көмек көрсетіп жүрген аға-апаларымызға күлкілі көрінетін шығар. Неге десеңіз, мен үлкен бизнесмен емеспін. Өзіме алданыш болса деген ниетпен жақында «Жан Жази» сұлулық салонын аштым. Оның өзі айналамдағы адамдардың тілегіне сай жүзеге асып отыр. Қазір салонды бір қайын сіңлім жүргізеді. Мен бар болғаны сол жерге келген адамдардың ешқайсысы ренжіп кетпесе екен, онда әділ, сапалы қызмет көрсетілсе екен деп қадағалаумен ғана келе жатырмын. Жалпы, өзім қаржылық есеп-қисапқа жоқпын. Салонды ашқанда да, идея тастап отырғаным болмаса, барлық жұмысын Жанболат өзі реттеп берді. Ал өзіңіз айтқандай, сахнада киген көйлектерімді прокатқа беріп, содан түскен қаражатты қайы­рым­дылыққа жұмсаймын дегенім рас. Бұған дейін киген киімдерімді сұрағандарға сыйлай салатын едім. Бертінде, біраз қаражат жұмсап алатын сахналық киімдерді баптап қойып, тағы бір игілікке жаратсам деп шештім. Қазіргі күні осы бастамадан түсіп тұратын қаражатты жағдайы өте төмен, көбіне мүгедек жаны бар отбасыларға арнап жүрмін. Оның өзі көп емес, сондықтан, киім-кешек, азық-түлік апарып беруден ары аса алмадық. Негізі, «жасаған жақсылығыңды жария қылма» деп жатады ғой. Бірақ, сұраған соң айтып отырмын.
– Қайырымдылық дегенде, орынсыз мазалап, көмек сұрайтындар да бар шығар?
– Қазіргі күні қит етсе, мәселені үлкен етіп дабырайтып, әлеуметтік желіге салатын болдық қой. Сол желілер арқылы көмек сұрап, есеп шотын жазып, қаншама адамдар хабарласып жатады. Расында да, соңғы кезде байқағаным, бізде қайырымдылық жасап тұрады дегенді естісе, жағдайын айтып, келгісі келетіндер көбейіп кетіпті. Ал одан бөлек, алыстағы бір туысыңның тұрмысы нашарлау болып жатса, «пәленше деген әнші туысың екен ғой, неге қарайласпайды?» деп айтатындар табыла кетеді. Қайырымдылықты былай қойғанда, аты елге танылған кез келген адамның айналасында осындай жағдай болып жатады. Менің көңіліме ұнамайтыны да осы. Бір отбасында бір адам табысты болып, ісі алға өрлей қалса, басқасының бәрін қамтамасыз ету сол адамның міндеті сияқты. Ал шын мәнінде, әркімге Құдай әр түрлі бақ, әр түрлі міндет береді. Алла бермегенді адам бере алмайды. Әрине, бауырмал, қайырымды болған дұрыс, бірақ оның өзі кісінің ықыласы шеңберінде болуы керек деп ойлаймын.

жазира
– Соңғы уақыттарда инстаграм парақшаңызға өз ойыңызды жазамын деп, билікке тіліңіз тиіп кеткен көрінеді. Эстрада әншілері де саясатқа араласуы керек деп ойлайсыз ба?
– Әншілер саясатпен айналысуға міндетті деп есептемеймін. Бірақ, көпшіліктің, халықтың өкілі ретінде эстрада әншілерінің де өз пікірін білдіруге, ойын айтуға хақысы бар деп ойлаймын. Десе де өзіміз анығын білмеген нәрсені айтып, орынсыз пікір білдіруден сақтанғанымыз абзал.
– Өткенде хабарласқанымда Германия­да жүргеніңізді айттыңыз. Ол жаққа гас­трольдік сапармен бардыңыз ба? Әлде демалу үшін бе?
– Соңғы кезде денсаулығым сыр беріп жүр. Соған байланысты Германияға барып емделіп келген едім. Оның алдында Оңтүстік Кореяға да бардым. Қазір әншілердің көбі шетелдерге барып бейнебаян түсіріп жүр ғой. Концерттерге қатысып, қазақ өнерін өзге елдер алдында танытып жатқандар да бар. Олар үшін қуаныштымын. Өткен жылы бізге де бес мемлекетте өтетін бір концертке қатысуға ұсыныс түскен. Алайда өз елімізде басқа концертке қатысуға келісім беріп қойғандықтан, бара алған жоқпыз.
Жалпы жер көріп, ел аралаған жақсы ғой. Көңіл көкжиегіңді кеңейтесің, көкірек көзің ашылады. Кейбір елдердің рухани, әлеуметтік жағдайын көргенде, «Шіркін-ай, біздің елімізде де осындай болса ғой» деп армандап қайтатын кездерің болады. Шыны керек, өзге ұлттар әдет-ғұрпын, мәдениетін, тарихын мақтанышпен айтып, таныстырып жатқанда, шұбарланған тіліміз бен аяқасты болған салт-дәстүріміз туралы ойлап, ішің ашиды.

Жазира
– Ол елдердің бізбен салыстырғанда тағы қандай артықшылықтарын байқадыңыз?
– Оңтүстік Кореяда қалаларының тазалығы, халқының еңбекқорлығы сүйсіндірді. Қарапайым бір турист ретінде байқағаным, мысалы, көшеде бос жүрген адам жоқ. Сабаққа болсын, қызметке болсын әйтеуір жұрттың бәрі бір жаққа асығып бара жатады. Қарт адамдардың белсенділігі тіптен жоғары, бірен-саран үлкен кісіні кезіктірдік, олардың өзі көше бойында орналасқан тренажерларда жаттығу жасап жүрді. Әсіресе, мені таңғалдырғаны – президенттерінің қарапайым халықтың ортасында тұратындығы. Олардың үйі біздегідей биік қақпамен қоршалып, күзетшілердің қатаң бақылауында болмайды екен. Жұрт президенттің үйінің маңынан емін-еркін өте береді. Ал Германияда мені неміс халқының мәдениеттілігі тәнті етті. Көшеде, қоғамдық орындарда дауыс көтеріп, сөйлеп жатқан адам көрмейсің. Жұрт бір-бірімен сыбырласып қана сөйлеседі. Одан кейін бірден байқалғаны, Германия жастары біздегідей бірыңғай телефонға телміріп отырмайтын сияқты. Көшеде, автобуста, метрода, тіпті, бір мекемелерде кезекте тұрса да, халықтың басым көпшілігі газет-журнал, кітап оқып отырады.
– Еліміздің медицинасына көңіліңіз толмағандықтан шетелде емделіп жүрсіз бе?
– Несін жасырайын, ем қабылдап жүргеніме біраз болған. Қай дәрігерге кірсем де үйіп-төгіп дәрі жазып береді. Бірақ онысы бір ауруды емдесе, екінші бір ауру тудырып жатады. Ең қиыны, біздің дәрігерлер науқасқа дұрыс ­диагноз қоя алмайды екен. Және жазылатыныңды, не жазылмайтыныңды ашық айтпайды. Ал мен емделген елдерде аурудың диагнозын нақты қояды және емнің қаншалықты оң нәтиже беретінін ашық айтады. Мәселен, маған Корея­да да, Германияда да аллергиядан сақтану керектігімді ескертіп, құрамында лактозасы бар тағамдарды жемеу керектігімді айтты. Кезінде дәрігер болып жұмыс істеген менің бір танысым: «Біздің дәрігерлер ақша үшін сап-сау адамға ота жасайды. Сөйтіп, сау адамды ауру етеді. Мұндай әділетсіздікке көз жұмып қарауға арым жібермеді. Менің жұмысты тастауыма осы нәрсе себеп болды», – деген еді. Осындай жағдайларды естіп, шынымды айтсам, қорқамын. Әрине, барлық дәрігерге, медицина қызметкерлеріне қара күйе жағудан аулақпын, бірақ біздің дәрігерлер медицина саласын бизнеске айналдырып жіберген сияқты.
– Өнерде жүргендеріңізге аз болған жоқ. Бірақ осы уақытқа дейін Алматыда, Астанада жеке концерт бермепсіздер. Неге?
– Біздің өнерде жүргенімізге он жылдан асты. Көптеген ұйымдастырушылар: «Концерттеріңізді ұйымдастырып берейік» деп ұсыныс жасап жатыр. Бірақ кейінге шегеріп келдік. Өйткені, шығармашылық концерт беру үшін үлкен дайындық қажет. Ол – бірнеше күн көз ілмеу, алаңдап, екіұдай көңіл-күйде жүру деген сөз. Ал маған дәрігерлер қазір жүйкеге артық салмақ салмау қажеттігін айтып, ескертіп жатыр. Сондықтан, жақын арада үлкен концерт қойып, ел алдында есеп береміз деп айта алмаймын.

Жазира
– Көбіне жиындарда Жанболаттың емес, бірінші сіздің есіміңіз аталып жатады. Бұған жарыңыз ренжімей ме?
– Жанболат үшін бұл мән беретін нәрсе емес. Кейде концерт үстінде жүргізушілерге мен: «Жанболат пен Жазира» деп хабарлаңыздаршы», – деп ескертіп қоятынмын. Ондайда Жанболат: «Онда тұрған не бар?» деп, өзіме тыйым салады. Бірақ кейбір адамдар «Жазира өзінің атын әдейі бірінші айтқызады» деп, осының өзінен ілік іздеп әлек болады екен. Жалпы, бізге ақыл айтатын, бата беретін тілеулес адамдар қаншалықты көп болса, жағымсыз пікір айтып, көңілімізді түсіргісі келетіндер де аз емес. Ел алдында жүргеннен кейін, бұл заңды да шығар.
– Өзіңіз туралы қаңқу сөздерге көңіл бөлесіз бе?
– Білесіз бе, әлеуметтік желілер маған сын қабылдауды үйреткен сияқты. Мұның арасында орынсыз сын, ауыр сөз көтеруге де етім үйреніп келе жатыр. Инстаграмға алғаш тіркелген жылдары «Жазира бұрын алқаш болған» деген пікірлерді оқып, жағамды ұстағанмын. Аракідік басқа да сөздер жазылып тұрды. Сонда айнаға қарап тұрып: «Расымен де мен сондай жаман адаммын ба?» деп жылаған күндерім болды. Ал қазір ондай сөздерге күліп қараймын. Рас, қазір де көңіліңді түсіру үшін кейбіреулер бірдемесін жазып, жағымсыз пікір қалдырып кетіп жатады. Бір рет «Жазира үй қызметшісіне аяғын жуғызады, бірақ жалақыны дұрыс төлемейді екен» деген де жолдарды оқыдым. Тіпті бір әйел парақшама: «Жазира Жанболаттың достары үйіне келсе, жақтырмайды екен. Шай бермек түгілі, амандаспайды екен» деп жазып қойыпты. Кейін сол кісі: «Мен сізге қаншама жағымсыз сөздер жаздым. Бірақ бір қарсы пікір айтпадыңыз. Сіздің шыдамдылығыңызға таңғалдым?» – деп жекеге хат жолдады. Мен: «Ештеңе етпейді. Сіз мені танымағаннан кейін солай жаздыңыз ғой», – дедім. Сөйтсем, «Бүгіннен бастап сізді құрметтейтін боламын» депті.

Жазира
– Сырт көзге тым көңілшек адам сияқтысыз.
– Менің ең үлкен кемшілігім – көңілшектігім. Тойларда ән айтып, қыз ұзатамын. Сондайда қыздың әке-шешесі жыласа, мен де бірге жылап қаламын. Қазір өз-өзімді сабырлылыққа тәрбиелеп жүрмін. Өйткені мұның барлығы денсаулыққа кері әсер етеді екен. Өткенде Германияда болғанымда дәрігерлер: «Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма? Әлде отбасыңыздағы мәселелер алаңдата ма?» деп сұрады. Мен өзімде бәрі жақсы екенін айттым. Бірақ олар түсінбеді. «Сіздің ауырып жүргеніңіз стресстен», – деді. Мен сонда ғана түсіндім, біз көбіне өзімізді сақтауды білмейді екенбіз. Жалпы, қазақта кейбір жағдайды тым жақсы қыламын деп, жаман қылу бар. Бізде бауырмалдықты, көпшіл болуды шектен тыс көп насихаттайтын сияқты. Қаншама жас отбасы туған-туысқа қарайласам деп, өз жағдайын жасай алмай жатады. Туған-туыс, дос-бауыр арасындағы шектен тыс міндет талантты жастарымызды ерте күйзеліске түсіретін сияқты. Ал біздің мұндай «көпшілдігімізді» өзге елдер түсінбейді де.

(…толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан

оқи аласыздар)

Пікір қосу