– Санди ханым, сіз қазіргі таңда елімізге танымал белді визажистердің бірісіз. Визажист мамандығына қалай келдіңіз?
– Мен кішкентай кезімнен өнерге жақын болып өстім. «Сымбат» сән академиясын киім дизайны, тігінші және сурет өнері бо­йынша бітірдім. Оқуды бітіргеннен кейін өз бағытымды іздедім. 22 жасқа келгенде ғана жеткілікті қаражат жинап, Қазақстан визажистер ассоциациясының президенті, Халықаралық «Make-up studio» макияж мектебінің оқытушысы Диля Абдуллаевадан дәріс алдым. Қазір өз кәсібім бойынша жұмыс істеп жатқаныма алты жылдай болды. Осы салада менің ең алғашқы ұстазым осы кісі. Диля Абдуллаеваның арқасында осындай дәрежеге жеттім. Өйткені ол мені тек оқытып қана қоймай, он қыздың арасынан таңдап алып, продюсер Динара Адаммен таныстырып, түсірілімге жіберді. Егер Диля мені таныстырмаса, Динара Адамды білмесем, мүмкін мен кәдімгі шаштаразда жұмыс істер ме едім. Мүмкін, бір салонда жай Сандуғаш болып отырар ма едім. Үлкен кісілердің істеген жақсылығын ұмытпай, әрдайым айтып отырамын. Қазір шәкірт тәрбиелеймін. Шәкірт тәрбиелеу менің арманым емес еді. Өйткені мектепте жүргенде «ұстаз болмаймын» деп айтатынмын. Сабақ беремін деп те ойлаған жоқпын. Көп адам осы мамандықты игергісі келеді. Бірақ бұл бәрінің қолынан келе бермейді. Миллион адам оқыса, соның барлығы визажист болады деп айта алмаймын. Оның ішінен 20-30 шақтысы ғана мықты визажист болар. Қалғандары тек көпшіліктің көлеңкесінде жүреді. Бәрі – адамның сана-сезіміне байланысты. Мен қанша үйреткенмен басында санасы жоқ болса, одан түк шықпайды.
– Жұмысыңыздан ләззат аласыз ба?
– Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Кейде «осы күнге дейін қазіргі мамандығымсыз қалай өмір сүргенмін» деп ойлаймын. Егер бұл мамандықты ертерек игергенімде мүмкін бұдан да үлкен жетістіктерге жетер ме едім? Қазір бұл кәсіпті менен үйренуге 16-18 жастағы қыздар келеді. Егер мен де сол қыздар секілді кәсібімді 16 жастан бастағанда, мүмкін шет мемлекетте, тіпті Голливудта жұмыс істер ме едім.

Санди
– Сізге макияж жасатуға қыз-келіншектер көп келеді ме?
– Иә. Бір байқағаным, макияж жасатқаннан кейін қыздардың көбі өздеріне сенімді бола бастайды. Әрі өмірге деген көзқарастары да өзгереді. Әйел адамдардың көпшілігі өзіне күтім жасауға ерінеді. Тіпті қастарын да жұлмайды, боянбайды. Мәселе бояуда емес, әрбір әйел өзіңнің табиғи сұлулығын сақтай отырып, бояна білулері қажет. Сондықтан әр әйел затын өздерінің табиғи әдемілігінен де сұлу ету – бұл менің басты мақсатым.
– Қызметіңіздің құны қанша?
– Менің еңбегімнің құны 20 000 теңгеге дейін барады. Ал тойға арналған макияж түрі – 15 000 теңге. Негізгі баға – 3-5 мың теңгеден басталады, халықтың қалтасына шақ. Ал 1 000 теңгеге студент қыздардың бетін әрлейміз. Бұдан түскен ақшаны балалар үйіне, қайырымдылық қорына береміз. Жылына бірнеше рет балалар үйіне барып, қайырымдылық шараларын жасап тұрамыз. Жаңадан үйренген мамандар макияжды 3 000 теңгеге жасайды.
– Сіздің жасаған макияжыңыз не үшін қымбат?
– Мен Қазақстанда ғана емес, Голливудтағы атақты «Малифисента», «Аватардың» маскаларын жасаған «Cinema makе-up» мектебіне барып, бір ай бойы білім алғанмын. Шетелде оқу өте қымбат. Шетелге әр барғанымның өзіне 10-15 мың доллар қаржы кетеді. Сондықтан мен де өзімді бағалауым қажет. Оның үстіне 20 000 теңгеге жасалған макияж 24 сағат бойы бетте сақталады. Бұған жүз пайыз кепілдік бере аламын. Өзімді мақтағаным емес, макияжым басқа визажистерден ерекше болып көрінеді. Әр визажистің қолтаңбасы болады. Менен де жақсы бояйтын адамдар бар шығар. Бірақ істеген жұмысым халықтың көңілінен шығып жатады.
–«Sandi Beksirga» атты ұлттық салоныңыз бар. Оны ашуыңызға не себеп болды?
– Мен қазақы ортада тәрбиеленгенмін. Өз мемлекетімізде өзге елдердің сұлулық салондарын көріп кейде намыстанатынмын. «Неге бізде осындай ұлттық сұлулық салоны жоқ?» деп ойлайтынмын. Қазір салонымызға қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де келіп жатыр. Келген қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары – ірімшік, құрт, бауырсақ, шұбат, қымыз ұсынамыз. Мейрамдарда наурыз көже жасаймыз. Шәкірттерімнің де осы дәстүрді ұстанғанын қалаймын. Қазақтың қыздары ұяң, инабатты, сыпайы. Біз қанша әдемі болып боянсақ та осы мінезімізді жоғалтпауымыз керек. Өзіміздің салт-дәстүрімізді құрметтеп, ұлықтауымыз керек. Ұлттық студияны осындай мақсатпен аштым.
Сізден дәріс алғысы келетін қыздар көп-ақ… Бірақ бағасы неге тым қымбат?
– Мен ешкімді менен білім алуға мәжбүрлемеймін. Шәкірттерім жеңілдікпен 20-30 мың теңгеге оқытады. Бірақ олар кәсіби түрде емес, тек көзді бояуды ғана үйретеді. Өйткені кәсіби түрде үйретуге ешкімнің құқы жоқ. Ал мен дәріс беру үшін Голландияға барып оқыдым, емтихан тапсырдым. Егер оқудың ақысын төмендетсем, мені ешкім бағаламайтын болады. Мен әрбір оқушыма жауаптымын. Менен білім алған шәкірт кез келген жерде ұялмай жұмыс істей алады.

Санди
– Салоныңызға әнші-әртістер де жиі келіп тұратын шығар?
– Мақпал Исабекова, Мөлдір Әуелбекова, Дильназ Ахмадиева, Айгүл Иманбаева, Жанар Айжанова – менің тұрақты тұтынушыларым.
– Көбіне қай елдің өнімдерін пайдаланасыз?
– Американың және Голландияның шығарған өнімдерін ғана қолданамын. Мәселен, «МАС», «Make-up studio» және «Anastasiya Beverly hilss» деген брендтің өнімдерін пайдаланамын.
– Косметиканың зияны мен пайдасы жөнінде не айтасыз?
– Зиянды косметика – сапасы төмен косметика. Сапалы косметика бет терісіне зиян келтірмейді. Мен сапалы косметикамен жұмыс істеймін. Алты жылдың ішінде тұтынушыларымнан «бетіме бояуыңыз жақпады. Безеу немесе бөрітпе шығып кетті» деген сөз естіген емеспін.
– Қандай отбасында дүниеге келгенсіз?
– Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкемнің есімі – Сағатай. Кезінде көлік жүргізген. Ал анам Ұлжалғас, аспаз болып істеген. Үш ағайындымыз. Мен үйдің үлкенімін. Қуаныш, Димаш деген інілерім бар. Олар қазір өзімнің қасымда. Қуаныш – «hair-стилист», яғни қыздардың шашын әсемдейді. Ал Димаш 8 жаста, 2-сыныпта оқиды.
– Сіздің шын есіміңіз Сандуғаш қой. Неліктен есіміңізді Санди деп ауыстырдыңыз?
– Продюсер Динара Адамға жұмыс істеуге барғанымда, ол кісі маған: «Бізде екі Сандуғаш бар, сен Санди боласың», – деді. Содан кейін-ақ мені барлығы Санди деп атап кетті. Бұл есімге өзім де үйреніп кеттім. Ал Бексырға менің атамның есімі. Ол кісі Кеңес үкіметі кезінде атақты болған. Совхоз директоры болып жүрген кезінде соғысқа кетіп, қайта оралмаған.
– Мектепте қандай оқушы болдыңыз?
– Ел қатарлы 4-5-ке оқыдым. Мектепте қыздар ұжымының басшысы болып, тәлім-тәрбиелеріне, тазалықтарына қарап жүретінмін. Бір қызығы құрбыларыма: «боянбаңдар, қастарыңды жұлмаңдар», – деп үнемі ескерту жасап, ақыл айтатынмын. Десек те, мектепті бітіргеннен кейін осы салаға бет бұрдым.

Санди
– Сіздің жетістігіңіз әр қыздың арманы болар. Енді алдыңызда қандай мақсаттар бар, нені армандайсыз?
– Тұрмыс құрып, ана болуды армандаймын. Бұл арманым да өз орнымен орындалады деп ойлаймын. Тұрмысқа шығу – әр қыздың парызы. Мен үйдің үлкені болғандықтан, екі бауырымды оқытып, отбасыма көмектесуім керек болды. 19 жасымда маған құда түсіп келген адамдар да болды. Әкем де рұқсатын берген. Алайда «ертең тұрмысқа шығып кетсем, бауырларыма кім қарайды, отбасыма кім көмектеседі» деген ой маза бермеді. Негізі мен өзімді сүйетін жігітті әлі кездестірген жоқпын (жымиды).
– Шынымен де жігітіңіз жоқ па?
– Жоқ, басым бос.
– Болашақ жарыңызды қалай елестетесіз? Ойыңыздағы адамды сипаттап беріңізші.
– Сегіз қырлы бір сырлы, қарапайым қазақтың жігіті.

(…толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан

оқи аласыздар)

Сұхбаттасқан Мөлдір АПСЕЙТОВА

Пікір қосу