Гүлбақ ҚОСШЫҒҰЛОВА — ұтыстан 2016 жылы автокөлік иеленген жеңімпаз, Алматы облысы Көксу ауданының тұрғыны.

– ГҮЛБАҚ АПАЙ, ӨТКЕНДЕ ҰТЫСКЕРЛЕРДЕН СҰХБАТ АЛҒАН УАҚЫТТА ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЗЫҢЫЗБЕН ТІЛДЕСКЕН ЕДІК. ҚАЗІР ЖАҒДАЙЫҢЫЗ ҚАЛАЙ? ЖАЗЫЛДЫҢЫЗ БА?

– Осыдан біраз уақыт бұрын қан қысымының салдарынан бір жақ аяқ-қолым тартылып қалған еді. Құдайға шүкір, қазір жағдайым тәуірленді. Тез ұмытып қалатыным болмаса, денсаулығым түзеліп қалды.

– ҰТЫП АЛҒАН КӨЛІКТІҢ КӨМЕГІ ТИІП ЖАТЫР МА? 

– Ол көлігіміз әзірше үйімізде қозғалыссыз тұр.

– КӨЛІКТІ ЕНДІ КІМ ПАЙДАЛАНБАҚ?

– Жақында үлкен ұлым Жақсылықтың баласы әскерден келген еді. Көлікті сол немереме беремін деп отырмын. Сол немеремізді кішкентайынан өзіміз бағып-қағып өсірген едік. Есімі – Ермек. Алла бұл жақсылықты соған бұйыртсын деп тілеймін.

– ҰТЫСТЫҢ ӘДІЛ ӨТЕТІНІНЕ СЕНЕТІН БЕ ЕДІҢІЗ?

– Жыл сайын «мен ұтамын» деп купон жіберіп жүретінмін. Қызым: «Әуреленіп жібермей-ақ қойыңызшы. Бәрібір ұта алмайсыз», – деп айтатын. Ал мен болсам: «Жоқ, ойын әділетті өтеді. Ұтыскерлердің де сұхбатын жариялап жатады ғой. Осыншама халықты алдайды дейсің бе? Осыдан көр де тұр, мен ұтамын», – деп бой бермедім. Он жылдан бері қос журналды қолдан сатып алып оқып келеміз. Сондықтан мұның өзі Құдайдың бұйрығы болған шығар. Әйтеуір, редакцияларыңызға шексіз ризамыз.

– ЖУРНАЛЫМЫЗҒА, ҰЖЫМҒА АЙТАР ҚАНДАЙ ТІЛЕГІҢІЗ БАР?

– Осы сәтті пайдалана отырып, журнал ұжымына және шығарушы редакторға алғыс білдіргіміз келеді. Журналдарыңыз алған бағытынан таймай, алға қарай дамып, елдің ықыласына бөлене берсін. Алла Тағала баршамызға бақ, бақыт беріп, елімізге, жерімізге тыныштық орнатсын деген тілегім бар.

Сұхбаттасқан Мөлдір Апсейтова

Пікір қосу