Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі (1946), филология ғылымдарының докторы, профессор (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957). 1915 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады.

Туған жылы: 28 қыркүйек, 1897 жылы  (1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде қайтыс болды).

Туған жері: Бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы)

15151186_1219630908129196_1268247363_nБілімі:

  1. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады;
  2. 1910-1915 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесі;
  3. 1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясы;
  4. Ленинград университеті, филология факультеті;
  5. Орта Азия университеті, Шығыс факультетінің жанындағы аспирантураны оқиды.

Отбасы:

Мұхтар Әуезов өмірінде төрт рет үйленген. 1917 жылы атастыру салты бойынша ол 15 жастағы Райхан есімді бойжеткенге үйленеді. 1918 жылы Мұғамиля есімді қыздары дүниеге келеді.  Ал бір жылдан кейін ерте қайтыс болып кеткен Шоқан есімді баласы туылады. 1920 жылы екі жас ажырасып, ол сүйікті қызын өзімен бірге алып кетеді. Кейін Мұхтар Абайдың ұлы Тұрағұлмен жақын достасып, оның қызына, яғни Абайдың немересі Кәмилаға үйленеді. Бірақ бұл некесі де ұзаққа созылмайды.

1923 жылы Мұхтар Әуезов Ленинград мемлекеттік университетіне филология факультетіне оқуға түседі. Дәл осында ол болашақ әйелі Валентина Николаевна Кузьминамен (кейін Әуезова) танысады. Екі жас оқу бітірген соң Ташкентке қоныс аударып, ол мұнда Ортаазиялық университеттің аспирантурасына түседі. Осылайша бұл некеден 1929 жылы Лейла есімді қызы, ал 1935 жылы Ернар есімді ұлы дүниеге келеді.

1937-1938 репрессия жылдарынан кейін Мұхтар Әуезов Фатима Ғабитовамен бас қосады. Фатима Ғабитова Мұхтарға Мұрат есімді ұл сыйлайды. Мұхтар Әуезовтың балаларының ішінде қазір Мұрат Әуезовтың ғана көзі тірі. Ол мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде қалыптасты.

Еңбек жолы:

  • 1918 жылы М.Әуез Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
  • 1919 жылы Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері;
  • 1920 жылды бөлім меңгерушісі;
  • «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы;
  • 1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі;
  • Атқару комитетінің төрағасы;
  • 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР-і ОАК-нің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады.
  • «Еңбекші қазақ» газетінде басшы.
  • 1934-1961 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде  ұстаздық қызмет атқарды.

Шығармалары

  • Әдебиет тарихы, Қызылорда, 1927;
  • Әр жылдар ойлары, А., 1959;
  • Мысли разных лет, А., 1961;
  • Уақыт және әдебиет, А., 1962;
  • Абай Құнанбаев, А., 1967;
  • Абайтанудан жарияланбаған материалдар, А., 1988;
  • Абайтану дәрістері, А., 1995;
  • Ескермедім, қабылдамадым, А., 1998;
  • Абайтану оқулары, А., 1998.

 «Абай жолы» роман-эпопеясы

«Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері, т.б. бәрі бар. Роман-эпопеяның танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Эпопея дүние жүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылған. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.

Пікір қосу