Тыңдармандары мен өнерді сыйлаған адам фонограммамен ән шырқап, өзін және өзгені алдауға бармайды

– «Фонограмма – бұл қылмыс. Мен бұл қылмысты жасап жатқандардың қатарына қосылғым келмейді» дейсіз. Бұл ойыңызды қаншалықты орындай алып жүрсіз? Сахнадағы техника талабыңызға сай келе ме?
– Техниканы сылтаурату – өзін-өзі алдау. Қазақстан дамымай қалған мемлекеттердің қатарынан емес. Сіз ұстап жүрген «айфон» телефоны әншілерде де бар. Техниканың бәрі бізде бар. Бар болғандықтан, тек тірі дауыста ән шырқап, өнер көрсетіп жүрміз. Жанды дауыста ән айтудың машақаты көп. Шынымен тыңдармандары мен өнерді сыйлаған адам фонограммамен ән шырқап, өзін және өзгені алдауға бармайды деп ойлаймын. Тірі дауыста ән салу үшін тынбай еңбек ету қажет. Біз бүгінде тек жанды дауыста айтамыз. Ол менің ғана емес, «Молданазар» тобының күні-түні еңбектенуінің нәтижесі.
Мысалы, «МузАрт» ансамблі аспаптардың сүйемелдеуімен тірі дауыста ән шырқап жүр. Бала күнімнен осы топты тыңдап өскеннен кейін, оларға деген құрметім шексіз… Қазақ эстрадасында алдыңғы қатарлы әншілердің бірі. Алдағы уақытта басқа әншілер «МузАрттағы» ағаларымызға қарап өзгерер деп ойлаймын. Мысалы, сіз көрермен ретінде концертке ақша төлеп келіп отырсыз. Сіз әншіні тыңдауға келдім деп ойлайсыз. Бірақ ол аузын жыбырлатып қана тұр. Осыны әрбір көрермен түсінуі керек. Әнші – аузын жыбарлататын емес, ән айтатын адам. Мейлі қандай бағытта ән салсаң да әнді тірідей айт. Мен ешкімді қаралап, кемсітіп, біреудің «мекен-жайына» қатысты сын айтып отырғаным жоқ. Бәрін сыйлаймын. Бұл – менің тек жеке пікірім. Мені көп концерттерге шақырады. Бірақ фонограммамен айтатын жерлерге, тіпті Республика сарайында өтетін концерттерге де бармаймын. Менің ойымша, халық сүйіп тыңдайтын әншісінен тірі дауыста ән шырқауын талап етуі керек. Әйтпесе әншілер білгенін істеп жүре береді.

Мені он адам тыңдаса да жетеді

– Сіз тойларда ән салмайтын қазақ шоу-бизнесіндегі тың жобасыз. Бірақ ел назарына ілікпей көлеңкеде қалып қоямын деп ойламайсыз ба?
– Бәрі өз уақытымен, бұйырғаны болады. Мені он адам тыңдаса да жетеді. Ештеңеге асықпаймын. Менің «Молданазар» деген бес адамнан құралған тобым бар. Күні-түні еңбектеніп, жанды дауыста ән айтып дайындаламыз. Бірақ сені фонограммамен ән айтуға шақырады. Бұл еңбектің еш кеткені емес пе?! Сондықтан көлеңкеде қалып қоямын деп ойламаймын. Қай жерде концерт берсем де тыңдармандарым көп келеді.
Жалпы, көбісі ән айту стилімді ерекше, өзгеше деп айтады. Бұл – халыққа тек тойдың әнін ұсынған әншілердің кінәсі. Сондықтан халық той әндерінен басқа ән тыңдаса, тың дүние естігендей таңырқайды. Көптің ішінде «ала қарға» боп жүргенімнің себебі де сол.
Музыка жазып жүрген кезімде көп әншілер «тойда билейтін ән жазып берші» деп өтініш айтатын. Шын мәнінде оларға әннің мағынасы емес, тек тойда билейтін музыка керек еді. Әншілер тек тойда қаражат табуды ғана ойламай, өнерде жүрген соң ізденіп, жаңа нәрсе шығаруға талпыну керек.
– Сіздің стиліңізді түсінбей, жағымсыз пікір қалдырып сөгетіндер туралы не айтасыз?
– Сынды қабылдай аламын. Оған ренжімеймін. Бірақ кейде қатты айтатындары бар. Жалпы, біз сын айтқанды жақсы көретін халықпыз ғой. Мысалы, тәтті кәмпиттерді тек қонақ келгенде ғана дастарқанға қоямыз. Неге оны күнделікті балаларымызға бермейміз? Мұның бәрі – бетперде. Сыртқа әдемі көріну ғана. Шын мәнінде үй ішінде жағдай басқа, ал сыртқа тамаша көріну үшін бәрін істейсің. Сол сияқты жасы отызға келсе де жұмыс істемейтін, ата-анасының зейнетақысымен күн көріп, теледидар алдында жатып алып «Мынау не істеп жүр? Не киіп алған?» деп сын айтатындар да бар. Негізі, теледидар ішіндегі адам – бала-шағасын бағып, нәпақасын тауып, жағдайын жасап жүрген адам.
Сол себепті әркімнің пікіріне құлақ аса берудің қажеті жоқ. Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Сын шын болу керек. Сол кезде шыңдаласың, өз-өзіңді түзейсің.

Өмірімнің арнасын музыка арқылы таптым

– Осы күнге дейін сахнадан не алдыңыз, сахнаға не бере алдым деп ойлайсыз?
– Білмеймін… «Сахнаға бір нәрсе бере алдым» деп те айта алмаймын. Бірақ алғаным көп. Өмірімнің арнасын музыка арқылы таптым. Бірінші орында екі ұлым, кейін осы музыка.
– Ұлым деп қалдыңыз… Сіз туралы ғаламтор бетін қанша парақтасам да отбасыңыз жайлы мәлімет таба алмадым. Енді өнер жолынан жеке өміріңізге ойысып, жарыңыз, балаларыңыз туралы сөз қозғасақ деп едім…
– Негізі, жеке өмірімді құпия ұстамаймын. Екі ұлдың әкесімін. Балаларым әлі кішкентай. Ешқандай әке балаларына жамандық тілемейді. Ұлдарым жақсы азамат болып өссе екен деймін. Ал жарымның мамандығы – суретші. Отбасыммен Алматыда тұрамыз.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№21 (231) қараша 2016 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Пікір қосу