– Сізді Ресейдің әншілерімен салыс­тырып жататындары да бар. Тіпті «қазақтың Григорий Лепсі» деген атқа да ие болдыңыз. Олай салыстыруға не себеп? Мүмкін стильдеріңіз бір ме?
– Бұрындары мені «Евровидениені» жеңіп алған Кончита Вурстпен теңеді емес пе? Оны шаш, сақал өсіріп, Нұрлан Абдуллинге ұқсайды екен деді. Мен үшін бұл тек қана күлкі. Ал Григорий ­Лепске келетін болсақ, Григорийдей әнші болмай тұрған кездің өзінде мен ондай әндерді айтып жүретінмін. Негізінен мен бір қырлы ғана азамат болсам, мен туралы жұрт айтпас еді. Оған дейін мені Михаил Шафутинскийге ұқсатты. Кейін «біздің Нұрлан «Абдулла» болып кетті, атқа шауып, Шығыс батыры болып кетті» деді жұрт. Мейлі, жұрт айтса, айта берсін.
– Оны сіз көшірдіңіз бе, әлде ол сізді көшірді ме?
– Әркімнің өз тағдыры, өмірі, жолы бар. Егер де екеуміздің даусымызды, стилімізді ұқсатып жатса, жақсы ғой.
– Байқауымша, сізді қазір жарнамаға көп шақыратын болған секілді. Тіпті аяқ киім жарнамасына түсіп, біраз сынға қалдыңыз.
– Мен нені насихаттаймын әрі оны қалай насихаттаймын, өз жұмысым. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жүрген азаматтар көп қой. Ешқашан да арақ немесе темекіні насихаттаған емеспін. Жүз мыңдатып, долларлатып ақша беремін деп арақ пен темекінің демеушілері келген кезде, ұсыныстарынан бірден бас тартам. Оның барлығын креатив деп атайды. Егер де адам сол жарнамаға назар аудармаса, жарнама өтпейді деген сөз. Мен қазір билбордта «Оңайдың» жарнамасында ілініп тұрмын. Мені не үшін ілді, білесің ме?
– Не үшін екен?
– Қаламызға жеңілдік жасап, жарнамаға түскенім үшін бір тиын алған жоқпын. Бұл – социалдық жоба. Егер де денсаулыққа зиян келтіретін жарнамаға түссем, онда менің жағдайымның жаман болғаны. Тіпті бұл менің дүние, ақша қуып кеткендігім. Міне, аяқ киім жарнамасына түсіп сынға қалдыңыз дедің. Сонда бұл жарнамада мен не істеуім керек? Аяқ киімді басыма қоюым керек пе?
– Сонда ауызға тақап түсіру кімнің идеясы болды?
– Жарнама авторлары маған бәтеңкені қолыңызға ұстап немесе басыңызға қойып түссеңіз болар еді деп ақыл айтты. «Оны қалай жасаймын? Аяқ киімді басқа қою деген не сұмдық? Оданда аузыма жақындатайын да, таңғалғандай «о, мынандай аяқ киімдер бар екен ғой» дегендей болайын дедім. Бұл менің идеям­нан туындаған нәрсе. Әрине, біреуіне ұнады, біреуіне ұнамады. Халыққа толықтай жағыну мүмкін емес қой.
– Отбасыңыз туралы көп айтпайсыз…
– Иә, айта бермеймін. Неліктен ай­туым керек? Отбасым – менің ғаламым, әлемім. Мұнда бөтен біреудің бас сұққанын қаламаймын. Бір бейнебаянымда жарым төбе көрсетті, осының өзі жеткілікті деп ойлаймын. Жарыма әр кез жақсы сөздер арнаймын. Аллаға шүкір, екі қызым, бір ұлым бар. Үлкен қызым тұрмыста. Күйеу балам мен немерем үшеуі Астана қаласында тұрады. Екінші қызым ұлттық компанияның бірінде жұмыс істейді. Ұлым осы Алматы қаласында. Университет бітіреді жақында. Әрі менің жақсы көмекшім. Жеңгең де аман-есен. Кішкене ауырыңқырап жүр. Қазір ем қабылдап жүр. Сахна, өнер – мұның барлығы менің жұмысым.
– Балаларыңызға қандай әкесіз?
– Қандай әке екенімді балаларым айтсын. Мен гастрольдік сапарларға көп шықтым, сондықтан балалардың тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттың тапшылығы сеп болды. Балаларымды ата-анам тәрбиелеп өсірді.
– Балаларыңызға атақ-даңқыңызды, қоғамдағы орныңызды пайдалануларына рұқсат бересіз бе?
– Балаларым мектеп бітірген кезінде мен олардың түлек кештеріне барған едім. Сол кезде маған «бұл сіздің балаңыз ба? Неліктен айтпадыңыз? Неліктен түлек кешіне ғана келдіңіз?» деген кісілер болды. Балаларыма «өз істеріңе тиянақты болыңдар» деп ақыл беріп отырамын. Олар әкесінің жұмыста жүргенін түсінеді. Сонда да балаларым ержетіп, бойжетіп, әрқайсысы өздерінің орындарын таба білді. Балаларыма дос, құрдас секілдімін.
– Сізді ел әл-ауқаты жақсы әншілер қатарына қосады. Шынымен солай ма? Жеке бизнесіңіз бар ма?
– Ешқандай бизнеспен айналыспаймын. Бизнесім, өмірім – өнермен, сахнамен ғана байланысты.
– Кәрі қыздар санын азайту мақсатында тоқал алу ойыңызда бар ма? Бұған қалай қарайсыз?
– Тоқалды бәйбіше рұқсат берсе ғана аламын. Жасырын алу жақсылыққа әкелмейді. Егер бәйбішең ақылды болса, рұқсат береді.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№3 (213) ақпан 2016 жылғы санында)
Сұхбаттасқан  Мөлдір АПСЕЙТОВА

Пікір қосу