Елбасы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Кездесуде Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық барысы туралы баяндады. Алматы қаласының әкімі универсиаданы өткізуге дайындықтың кестеге сәйкес жүріп жатқанын және әлемнің 57 елінің өкілдері қатысуға ниет білдіргенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаевты Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы барысынан хабардар етті. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, қаланың өңірлік жалпы өнім көлемі 2,8 пайызға артқан, шағын және орта бизнесті несиелеу 35 пайызға өсіп, 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған, сондай-ақ қаланың шағын және орта бизнес субъектілері өнімінің көлемі 30 пайызға артқан.

Әкімнің айтуынша, Халықаралық студенттік спорт федерациясы Универсиада-2017 студенттік ойындар тарихындағы ең ірі жарыс болуға тиіс деп болжап отыр. Кездесу қорытындысы бойынша Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікір қосу