— «Әзіл-сықақ театры көбейгенімен, шынайы күлдіретін әртістер жоқтың қасы» деген пікірмен келісесіз бе?

— Табиғаттың көктемі, жазы, күзі, қысы бар. Сол сияқты, өмірдің де әр кезеңі болады. Мәселен, «Шәмші Қалдаяқовтай композитор, Мұқағалидай ақын бар ма?» десем, «Жоқ» деп жауап бересіз. Сондай-ақ, Тұңғышбай Жаманқұлов, Бауыржан Ибрагимов, Құдайберген Сұлтанбаев, Уәйіс Сұлтанғазин, Тоқсын Құлыбековтер — қайталанбас дара тұлғалар.  Марат Сақатов, Оспанхан Әубәкіров, Асқар Тоқмағамбетов сияқты сатираның саңлақтары да кемде-кем. Кеңес үкіметінің кезінде «Тамағың дайын, зейнетақыңды аласың, пәтерің бар, тек қана жұмыс істе!» дейтін. Жұмыстан артық бас қатыратын мәселелері болмады. Әкем инсульт болып ауруханада жатқанның өзінде «Бауыржан-шоуға» сценарийлер жазатын. Үйде кереуетте ойланып жатса, шешем: «Неге жұмыс істеп, қолғабысыңды көрсетпейсің?» — деп реніш білдірсе, — «Мен жұмыс істеп жатырмын», — деп ойланып жата беретін. Ол кісіні жұмыстан артық өмірдің күйбең тірлігі қызықтырмайтын. Қазір көрерменді таңғалдыру өте қиын. Халық неге «Шаншарды» жақсы көреді? Өйткені, олар адамның шаршап жүрген миын саясатпен жалықтырмайды.

— Сахнада шапшаң, пысық жігіттердің рөлінде жиі ойнайсыз. Ал отбасында қандай жар, қандай әкесіз?

— Мен — махаббатқа, сұлулыққа өте жақын адаммын. Әдемі, сұлу қыздарды көрсем, танысып, сөйлескім келіп тұрады. Бірақ, қалай болғанда да, отбасында жақсы көретін жарым, бала-шағам бар. Өзімді жақсы жар, қайырымды әкемін деп есептеймін. Негізі, күйгелек жігітпін. Бұрын бой бермей, «әртіспін» деп анда-мында кетіп, достарыммен аңға шығып, таңға дейін бильярд ойнап, қыдыратын кездеріміз болған. «Ат айналып қазығын  табады» деген сөз орынды айтылған екен. Әйелімнің еркіне көндім.

— Алмат аға, бүгінгідей дәрежеге жетіп, халықтың көзайымына айналуыңызға әкеңіздің ықпалы зор болды дегім келеді. Айтыңызшы, әкеңіз қандай ерекше қасиетімен есіңізде қалды?

— «Әке – асқар тау, ана – ағып жатқан бұлақ,  бала  — жағасындағы құрақ» деген. Әкем елге сыйлы азамат қана емес, мен үшін — ерекше тұлға, таланттың, идеяның, өнердің таусылмас қайнар көзі. «Атақ алайыншы, дүние жинайыншы» деген адам емес. Көзі тірісінде 300-ден астам шығарма жазыпты. Әкемнің көзі кеткен соң кітабын шығардым. Әлі шығарылмаған дүниелері де жоқ емес. «Бауыржан-шоумен» қатар әкем «Тамашаға» да талай сценарий жазған. Осы орайда ренішімді айта кетейін.

Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұлтанбаевтар әкемді жалынып жүріп ауылдан алдыртып, жазған шығармаларын өз аттарына аудартып алды. Ол кезде «Тамашаға» бір автордың екі қойылымынан артық өткізбейтін. Кей кездері Құдайберген, Тұңғышбай ағалардың атынан «Тамашаға» әкемнің 7-8 сценарийі өтетін. Олар бүгінде әкем жайында бір ауыз естелік айтып, тіс жармайды. Тіпті, естеріне де алмайды. Жарайды, әкемнің тірі кезінде бақталастық, көреалмаушылық болған шығар. Бірақ, көзі кеткен соң, айтуға болады ғой. Әкем «Бауыржан-шоуды» аяғынан тік тұрғызған авторлардың бірі болды. Мәскеудегі Щю-кин атындағы театр училищесін бітірген. Режиссер болуымен қатар актер болып та ойнаған. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Көрген бейнетінің зейнетін көруге тағдыры мұрша бермей алып кетті. “Мен Марат Сақатовтың баласымын” деп мақтанышпен айта аламын.

— Сахнадан алыстап кеткен кездеріңізде де, қуанышыңызда да жаныңыздан табы-латын достарыңыз бар ма?

— Жас кезіңде атың шықса да, шықпаса да, дос көп болады екен. Дұрыс айтасың, елге танылып, атың айдаһардай ақырып жүрген кезде достарың одан да көбейе түседі. Солардың бәрін дос деп ойлайсың. Алайда олар сені дос деп санамайды. Олар сенімен мақтанады, сені пайдаланады. Тіпті, кейбіреулері қызғанып жүріп дос болады. Кейбіреуіне «Сен — менің жолдасымсың» деп ашығын айтамын. Жолдас өмір бойы қасыңда жүрмейді.  Жолда аялдама кездессе, түсіп қалып, өзінің жөнімен кетеді. Ал нағыз дос сенімен бірге өмірдің суығына тоңып, ыстығына шыдай біледі. Өмірде әріптесім Әбунасыр Серіков екеуміз доспыз.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

 № 4 (45) Ақпан. 2009 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Әйгерім ҚАСЫМӘЛІҚЫЗЫ

 

Пікір қосу