Досымжан

— «Сахна — киелі» деген сөзге келіспеске шараң жоқ. Киелілігі сонда шығар, ол тұғырға шыққанның бәрі жарқырап кетеді. Былайғы өмірде қарапайым тіршілік кешкен жай ғана өнер адамы сахна төрінде сөзсіз өзін патша сезінеді. Сіз осындай сезімді басыңыздан өткізіп көріп пе едіңіз?

— Әдемі сұрақ! Сіздің айтып отырған мына теңеуге лайықты адамдар — шын өнердің адамдары. Сахнаның да ерекшелігі осында! Сахна жасандылықты жақтырмайды, тайға таңба басқандай анықтап береді. Мәселен, керемет дауысы бар, өнері бар әншілеріміздің таланты сахнада көрінбей жатады. Керісінше, былайғы өмірде сыр алдырмай жүрген әншілер сахнада жанып кетеді. Көрдіңіз бе, бұл — сахнаның өзінің сиқыры. Қазақ «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» дейді ғой. Өз басым сахнаға әр шыққан сайын мерейім тасып, бақытты күй кешемін. Кейде кезекті концерттердің алдында ғана жолыққан адамдар мені сахнадан көргенде танымай қалып жатады. Алдымен дауысымды естігеннен кейін барып «Өй, мынау Досымжан ғой» деп жататындары бар. Тіпті, бірнешеуі «Досымжан, сен өмірде тіпті бөлексің, ал сахнада басқа адамсың» деп те жатады. Әрбір әншінің сахнада тұрғанда ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі, сүйкімділігі болады. Сол үшін әрбір өнер адамы барынша сахнадағы сүйкімін жоғалтып алмаса екен деймін! Кейде сахнадан қол үзіп қалған кездерімде сахнаны қатты сағынамын. Қанша жерден той-томалақта елдің алдында ән салғаныңмен, сахнадағыдай әсер болмайды. Сахнада ән айтып, халықтың ыстық шапалағы шыққаннан кейін өз-өзіңе көңілің толып,  өзіңе деген құрметің пайда болатын сияқты.

Досымжан

— Біреулер сахна үшін жаратылады. Ал, біреулер өнерді жай машық үшін пайдаланып, құмарынан шыққан соң, өзге жолға бұрылып кетіп жатады. Сіз қазақ өнер әлемінде өзіндік орныңыз бар әншісіз. Десек те, Досымжан Таңатаров сахна төрінде қай уақытқа дейін жүрмек?

— Оның жауабын дөп басып айту қиындау. Бірақ, бір білерім — менің жаным өнермен бірге. Шамамның келгенінше, сахнада қалуға тырысамын. Қазақта «Арық сөйлеп, семіз шық» деген сөз бар. «Мен сахнада өлгенімше қаламын!» деп ұрандатқаннан гөрі сол сөзді өнеріммен дәлелдегім келеді. Елдің ыстық ықыласына бөленіп, тыңдарманым менің әндерімді тыңдаудан жалықпай, менің өнерімді қажет етіп тұрса, сахнада неге қалмаймын? Мен өзімнен кейінгі із басып келе жатқан іні-қарындастарыма өзімдік дара жолымды салып кеткім келеді. Мен де алдымыздағы Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Ермек Серкебаев ағаларымызға қарап бой түзедім. Қандай керемет! Ғұмырын сахнаға арнаған жандар деп осы кісілерді айтса болады. Сахнаға жұмбақ болып келіп, жұмбақ болып кетіп бара жатқан өнер майталмандары. Сол секілді менің де жан дүниемде қазақтың өнеріне өзімше бір үлесімді қосып, сахнадағы қадірім осы ағалардай болса екен деген арманым бар.

— Аға, осы ретте сіздің өнеріңізді бағалаушы, сізге қарап бой түзеуші іні-қарындастарыңыздың ішінде өнердің тұлпарына мініп, алысқа аттанып тұрғандары бар ма?

— Құдайға шүкір, жастар баршылық. Барлық нәрсе өз уақытымен болады екен. Әрине, өнері жанып тұрған інілерді көргенде, жол беруге тура келеді. Тойымсыздық танытып, «сахнада тек қана мен жүруім керек» деу ағаттық болар. Мен сол үрдісті сақтағым келеді. Атап айтсам, бүгіннің өзінде өз тыңдарманын қалыптастырған Асқар Жүнісбеков, «Жігіттер» квартеті, өзіндік қоңыр дауысы бар Таңат Мамырхан, Ақылбек Жеменейді атар едім. Бір өкініштісі — телеарналардан берілетін концерттерде жүйелілік жоқ, яғни, жас әншілерді елге танытуға деген жол бізде аздау болып тұр.

ҚОЙ БАҒЫП ЖҮРІП, ЖАН ДАУСЫММЕН АЙҚАЙЛАП ӘН АЙТАТЫНМЫН

— Аға, сіз де бала болдыңыз, армандадыңыз, қиялдадыңыз. Өзіңіз айтқандай, қойдың соңында жүріп ән салып жүрген Досымжан бүгін есімі елге танымал әншісіз. Бала күніңізде нені армандайтынсыз?

—        Менің өнерге деген құмарлығым сол балалық күнімнен бастау алады. Менің ән айтпай жүрген кездерім болмаған деп айта аламын. Есімде, алтыншы-жетінші сынып оқып жүргенімде де-малысқа шығамыз. Әке-шешем жайлауда, біз де малдың басына барамыз. Қойды қайтаратын кезек маған келгенде, үйден шығар-шықпас төбенің басына тұрып алып, жан дауысыммен айқайлап ән салатынмын. Мүмкін, бойымдағы балалық қорқақтық па екен, ия болмаса, айдалада дауысымның жаңғырғанын қызық көремін бе, білмеймін?! Соны қызық көріп әке-шешем басқа балаларына «Сендерді жұмсаса, бар иә жоқ екендіктеріңді адам білмейді. Досымжан қайда жүргенін әнімен жеткізіп жүреді» деп отыратын. Сол кісілердің жақсы сөзі мен ниетінің арқасы шығар, бұл жолда менің бағым жанды. Өнер жолына түсу менің ең үлкен арманым болған. Мектеп бітіргеннен кейін өнерден хабары бар ағалар маған көмектесті. Дүйсен Бықыбаев деген аудандық клубтың бастығы болды. Сол кісі менің әке-шешеме: «Аға, жеңге, осы балаңызды маған беріңіз, өзім оқытамын, бұл жігіт — әнші болатын азамат», — деді. Бірақ, оған менің ата-анам аса мән бермеді де, мені Жамбыл технологиялық институтына түсірді. Бірақ, түбінде айналып осы өнерге соқтым. Бір ағамыз «Досымжан, сенің бойыңда шын өнер болатын болса, ол сені сахнаға өзі-ақ алып шығады. Мүмкін, сенің бағың қазіргі мамандығыңнан болар. Не де болса көрерсің» деген болатын. Құдайға шүкір, өзге мамандықты оқып жатсам да, мен өнерден қол үзіп қалғаным жоқ. Қай уақытта да   өнерді өзіме серік еттім. Құдайға шүкір, қазір өзімді сол бала күнгі армандарымның соқпақ жолдарымен жүріп келе жатырмын деп айта аламын. Мен өз арманына қол жеткізген бақытты жандардың қатарынанмын.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

№12 (29/106). Маусым 2008 жылғы
 санында) 

Сұхбаттасқан Әлия ДАУЛЫБАЙҚЫЗЫ

Пікір қосу