Қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш тарихи толықметражды«Қазақ елі» атты  анимациялық фильм 4-13 қараша аралығында Барселонада (Испания) өтетін Азия фильмдері кинофестивалінің (Asian Film Festival) негізгі байқауына іріктеліп алынды, — деп хабарлайды «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі болашақ хандар — Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды. Мультфильмде шетсіз-шексіз қазақ даласы, заңғар таулар және Ұлы Жібек жолындағы Сығанақ, Отырар, Тараз және Түркістан секілді ежелгі қалалар бейнеленген.

Фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков «Қазақ елі» туралы:

-«Фильм халықаралық аренада — сонау Испанияда көрсетілетініне қуаныштымын. Бұл мультфильмді біз ең біріншіден балаларға арнап жасадық. Картинада бостандық пен тәуелсіздік үшін күрес жолында қазақ елінің басын қалай біріктіргендігі жайлы әңгімеленеді.Сондықтан испандық көрермендер де еліміздің бай тарихымен танысатын болады», — деді .

Естеріңізге сала кетсек, жасалуында 2-D және 3D-технологиялар пайдаланылған «Қазақ елі» анимациялық фильмі биыл мамыр айында көпшілік назарына ұсынылып, кинотеатрлардан көрсетілген болатын.

Пікір қосу