Бүгін Алматы облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бақытбек Есентаевқа қатысты сот үкімі шықты. Сот процесі жабық түрде өтіп жатыр, себебі іс материалдарында интимдік детальдар бар.

«Сотталушы «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды, ал қалған екі бап бойынша ол ақталып шықты. Есентаевтың адвокаты үкімге шағым түсіретінін мәлімдеді. «Біз апелляциялық шағым түсірмекшіміз, үкім негізсіз деп есептейміз (…) Ол дене жарақатын салды, адам өлтіруге оқталған жоқ, біз осыны дәлелдейміз», — деді Бекболат Жексейітов.

Бұған дейін Баян Мақсатқызының адвокаттары арызын қайтарып алып, Бақытбек Есентаевты ақтап шығуды өтінген болатын. Ауыр дерті мен жан жарасынан сәл айыққан Баян кейін бірнеше жыл отасқан күйеуін кешіріп, мұндай шешім қабылдауға сырттан ешқандай қысым болмағанын, Бақытбек Есентаевтың жақсы жар, қамқор әке болғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, елді дүрліктірген оқиға ағымдағы жылдың 10 шілдесінде орын алды. Онда шоу-бизнес жұлдызы Баян Мақсатқызын күйеуі бірнеше жерінен пышақтап, өлімші етіп сабаған.

 

Пікір қосу