Риода қолда тұрған екі алтынды төрешілер жымқырып кетті

– Сіз бапкерлік еткеннен бері спортшылардың жеткен қандай ірі жетістіктерін ерекше айтып кете аласыз?

– Ең алдымен айтарым, спорттағы жетістік бір ғана адамның еңбегінің нәтижесі емес. Спортта бапкер, спортшы және жанкүйер деп аталатын негізгі үштік бар. Одан бөлек, спорт жанашырлары, федерация сынды маңызды құраушы бөліктер болады. Барлығы бірігіп, бірлесе қызмет еткен кезде құраманың мықтылығы айқындалады, жеңіске көптеп жетуге жол ашылады. Ал біздің жігіттердің жетістіктеріне жеке тоқталсақ, 2010 жылы Гуанжоуда өткен Азия ойындарында Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов бас жүлдені олжаласа, Біржан Жақыпов пен Иван Дычко күміс алды. Данабек Сужанов қола жүлдемен елге оралды. 2011 жылы Бакуда өткен Әлем чемпионатында Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов күміс жүлдегер болса, Ғани Жайлауов пен Иван Дычко үшінші орынды иеленді. Ал 2012 жылы Лондонда шымылдығын түрген Олимпиада ойындарында Серік Сәпиев алтыннан медаль тағынып қана қоймай, Баркер кубогын иеленіп қайтты. Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко жүлдегерлер санатына қосылды.

– Лондон Олимпиадасы еліміздің бокс құрамасы үшін олжалы болғаны рас. Бұл сіздің бапкер ретінде өткізген бірінші Олимпиада ойындары еді. Өзіңіз айтып кеткен жігіттердің жетістігі сіздің одан әрі намысыңызды қайрап, жігеріңізге жігер қосқан болар?

– Әрине, әр бапкер үшін өзінің тәрбиелеп отырған шәкіртінің жетістігі үлкен мәртебе. Өзіңнің рингке шыққаның бөлек те, сенің бапкерлігіңмен шығып, жұдырықтасып жатқан спортшыны бақылау мүлдем бөлек дүние. Лондон Олимпиадасынан кейін біздің құрама жігіттері үшін жаңа олимпиадалық цикл басталды. Жаңа кезең де біз үшін жетістіктерге толы болды. Атап айтсам, 2013 жылы біздің былғары қолғап шеберлері Иорданиядағы Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, алтын медальдың жалпы саны тұрғысынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Азия біріншілігінде жалпы есепте біздің құрама 8 медаль, соның ішінде 7 алтын (Т.Жүсіпов, Б. Әбдрахманов, М.Ақшалов, Д. Елеусінов, Ж. Әлімханұлы, А. Пинчук және И. Дычко) және 1 күміс медальді (Ә.Ниязымбетов) иеленді. 2013 жылдың басты жаңалығы деп боксшыларымыз үшін Алматыда өткен чемпионатты атауға болады. Алматы рингінде боксшыларымыз бар күштерін салып, жанкүйерлеріне нағыз мереке сыйлады. Менің шәкірттерім Әлем біріншілігінде 4 алтын (Б.Жақыпов, М.Ақшалов, Д.Елеусінов, Ж.Әлімханұлы), 2 күміс (Ә.Ниязымбетов, И.Дычко) және 2 қола (Қайрат Ералиев, Б.Әбдрахманов) медальді жеңіп алды. 2013 жылы ұлттық құрама үшін табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Себебі, Азия чемпионатында спортшыларымыз биіктен көрініп, төрт рет Әлем чемпионатының алтынын иеленді. Бүкіл қазақстандық боксшылар өз деңгейінде шеберліктерін танытып, керемет жекпе-жектер өткізді. Әлем чемпионатының қорытындысы қазақстандық бокс мектебін күллі әлемге паш етті. Айта кетерлік бір жайт, осыған дейін Әлем чемпионатында Қазақстанның алған алтыны 2 болса, осы жолы 4-ке жетті. Осының нәтижесінде 2013 жылдың қорытындысы бойынша Халықаралық бокс қауымдастығы мені «Жылдың үздік бапкері» мәртебесіне лайық деп таныды. Ал біздің құрама капитаны Данияр Елеусінов жыл бойы жоғары техникасымен көзге түсіп, шетелдік мамандарды да таңғалдырып, АИБА-ның 2013 жылдың үздік боксшысы деп жариялады.

– 2014 жылғы Азиада ойындары туралы айтып өтсеңіз? Сары құрлықтың бұл бәсекесі де біздің жігіттер үшін табысты болды ғой …

– Иә, 2014 жылы Инчхонда өткен Азиаданы айтып өтпеу мүмкін емес. Себебі, бұл ойын біздің құрама үшін толағай табыстарымен есте қалды. Азиадада біздің жігіттер 6 алтын (І.Сүлейменов, Д.Елеусінов, Ж.Әлімханұлы, Ә.Ниязымбетов, А.Пинчук, И.Дычко), 1 күміс (Б.Жақыпов) және 1 қоладан (Қ.Ералиев) медаль тақты. Осыдан төрт жыл бұрынғы Гуанчжоудағы ерлігін Біржан Жақыпов тағы қайталап, құрамаға күміс сыйлады. Ақтық сында ринг иелеріне қарсы шыққан Біржан жекпе-жекте жеңілмесе де, төрешілер жеңісті оңтүстіккореялық спортшыға беруді ұйғарды. Бұл тура менің басымнан өткен жағдай сынды еді. Бап шапса да, бақ шаппаған кездердің бірі. Бірақ, Азия ойындарынан кейін, АИБА екінші жыл мені «Әлемнің үздік жаттықтырушысы» деп таныды. Данияр Елеусінов те екінші рет «Жылдың үздік боксшысы» атанды. Осындай жетістіктерге толы жылды марқайып еске аласың. Бізді әлем мойындап, бағалап жатса, бұл менің ғана сіңірген еңбегім емес. ҚБФ басшысы Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың көмегінсіз отандық бокс мектебінің мүмкіндігін дәлелдеу  мүмкін емес еді. Құрама капитаны Данияр Елеусіновтің есімі үздіктер қатарынан аталғанына өте қуаныштымын! АИБА президенті Чинг Куо Вудың қолынан сертификат пен Кубокты алғанда, Қазақстан үшін өте қатты мақтандым. Еңбегіңнің жемісін көру деген керемет қой. Барлық жетістіктер елдің қолдауы мен сүйіспеншілігінің арқасында деп едім. Жеті жыл ішінде боксқа деген көзқарастың, соның ішінде, ұйымдастыру жұмыстарынан бастап, қаржы мәселесіне дейін жақсарғанына көз жеткізіп келеміз. Соңғы жылдары қол жеткізген біздің бокстың бүкіл жетістігін Мәдениет және спорт министрлігінсіз елестету қиын. Боксшыларымызға қолдау көрсетіп, үлкен  сенім артқан халқымыздың шексіз махаббатын да айта кеткен дұрыс. Сонымен қатар, құраманың тренерлік штабындағы тілектестерімізге үлкен алғыс білдіргім келеді. Олардың көмегінсіз қазақстандық боксты биікке өрлету мүмкін емес еді. Біз елімізді жетістіктерімізбен қуантып, федерация басшылығының  сенімін ақтауға тырысуымыз керек.

– Жақында ғана өткен Олимпиада ойындарынан кейінгі әсеріңіз әлі де тарамаған болар. Рио қаласында өткен Олимпиада ойындарын қазақ жанкүйерлері ерекше күтті. Өйткені, тұңғыш рет төртжылдықтың басты додасына Қазақстан құрамасы толық құрамда қатысты. Осы байрақты бәсекеде сіздің ойыңызша, жігіттер артқан сенімді ақтай алды ма?

Бұл Олимпиададан кемінде 2 алтын аламыз деп ойлаған едік. Алайда, бұйырмады. Даниярдың жеңісі таза жеңіс болды. Жарақатына қарамастан, қолынан келгенін жасап бақты. Онысы өз нәтижесін берді. Бір алтынды еншімізге салдық. Өздеріңіз де көрдіңіздер, Риода қолда тұрған екі алтынды төрешілер жымқырып кетті. Риода Әділбек қарсыласынан ұтылған жоқ. Хулио де Ла Круз – әлемді талай мойындатқан жігіт. Финалдық кездесуде түк істеген жоқ. Ниязымбетов аз ғана басымдықпен жеңген еді. Ал Левитке келетін болсақ, айтар сөзім жоқ. Үш раунд бойы қарсыласын қуып жүріп ұрды. Төрешілер Тищенкоға тілеулес болды. Әйтпесе, бұл кездесуде Василий айқын жеңіске жеткен еді. Одан бөлек, 52 келідегі Олжас Сәттібаевты төрешілер орынсыз сүріндірді. «Неге шағым білдірмейді?» деген әңгіме болып жатқан шығар. Бердік арызды. Одан түк шықпады. Тіпті, қабылдамайды да. Соңғы рет арыз қабылданған кез Бакуде болған еді. Украиналық Ломаченконың қатысуымен болған кездесуде. Одан кейін арыз деген нәрсені алып тастады. Олимпиада ойындарында ринг сыртында да шайқастар болады. Мен оған қатыспаймын. Менің міндетім – боксшыларды дайындау.

Пікір қосу