Бізде «әкесі не шешесі әнші болса, баласы да әнші болады» деген түсінік қалыптасып қалған

  • Жазушы, кинодраматург Таласбек Әсемқұлов аға екеулеріңіздің достықтарыңыз туралы өзіңіздің бір сұхбатыңыздан оқығаным бар. Бастарыңыз қосыла қалса ол кісі күй тартып, сіз ән айтып ерекше рухқа бөленіп қалады екенсіздер. Сол кісімен өткен қызықты күндеріңізбен бөліссеңіз. Жалпы, Таласбек ағамыз қандай адам еді?

Сымбат, Астана

  • Таласбек Әсемқұлов өте абзал адам еді. Өзінің ұстазы болған Асқар Сүлейменов жөнінде «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» деген керемет естелік жазды. Бұл кісінің өзі де кемеңгер адам. Ой-санасы өте кең, білімі терең, өнері аса биік болатын. Әңгімелесіп қалғанда сонау ықылым заманнан бастап, бүгінгі күнге дейінгі адамзат басынан өткізген барлық тарихи процестерді қолмен қойғандай алдымызға жайып салатын, саралап, тарқатып айтатын. «Бүгінгі қазақ қоғамының қасіреті неде? Қандай қиындық, келеңсіздіктерге тап болды? Оның бастауы қайда жатыр?» деген сұрақтарға жауап іздеп, сонау жоңғар заманына дейін саяхаттап қайтатын. Күй өнерінің асқан білгірі және өзі де дәулескер күйші болатын. Әлемдік әдебиет пен музыканың білімпазы, өнертану, мәдениеттану ғылымдарына да аса жетік еді. Өкініштісі, ұзақ жылдар бойы тасада жүрді. Біздің қоғамның ұлы таланттарды қасақана мойындамай қоятын дерті бар ғой, сол кепті Таласбек те кешті. Жалпы, ірі таланттар өмірге икемсіз келеді емес пе, ол кісі де қоғамға бейімделе алмады, пысықтар оның бірталай еңбектерін, ғылыми ой-тұжырымдарын пайдаланып кеткен кездері болды. Өзі қатты кедейшілік көрген. Қырық жасына дейін үйсіз-күйсіз жүрді, соның салдарынан отбасын кеш құрды. Зира жеңгеміз Таласбек ағамыздың бағына жолықты. Екі мәдениеттанушы ғалым бас қосып, отау құрған соң, Тәкеңнің тұрмысы түзеліп, шығармашылық өмірі арнасына түсе бастады. 1999 жылы ақын, публицист Мейірхан Ақдәулет ағамыз Ақтөбеде «Алтын Орда» газетін шығарып, сол басылым Таласбектің де тынысын ашты. Сол жылдары жазушы, философ Дидар Амантай «Азамат», «Начнем с понедельника» т.б қоғамдық-саяси газеттер шығарып, Таласбек Әсемқұлов, Ғалымжан Мұқанов сынды көзден таса, елеусіз қалған таланттарды жиі жариялай бастады. Осылайша Таласбек елімізге мәшһүр бола түсті. Мен онымен сол жылдары, Ақтөбеде, «Алтын Ордада» тілші боп жүргенде таныстым. Содан бастап дос болып кеттік. Әңгімеміз жақсы жарасатын. Таңды-таңға ұрып, әңгімелесіп отыра беруге бар едік. Бір-бірімізге рухани жақын болдық. Бір өкініштісі, ол кісінің көп арманы ішінде кетті. Бар болғаны 59 жасында айырылып қалдық. Соңғы рет қайтыс боларынан үш күн бұрын көрдім. Өте жайдары, көтеріңкі көңіл күйде еді. Әрдайым «Ұзақ өмір сүремін. Әлі армандарым көп. Қаламыммен қазаққа қызмет етемін» дейтін. Бірнеше роман, көлемді зерттеулер, киносценарийлер жазбақшы еді. Бірақ, ол арманына жете алмады. Десек те артында ұлан-ғайыр дүние қалды. «Талтүс», «Тәттімбет» романдарын, «Шымдан», «Кәрі ат» хикаяттарын, көптеген ғылыми-танымдық зерттеулер, «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерінің сценарийлерін жазды. Соңында қалған күй мұрасы да қомақты. Биыл Қытайда Таласбек ағамыздың «Талтүс» аты үш дискіден тұратын күй жинағы шықты. Жинаққа Тәкеңнің орындауында 70-тен аса күй енген. Ішінде сонау XIII ғасырдағы Кетбұға, XV ғасырда өмір сүрген Қотан жырау, XVIII ғасырдағы Байжігіт күйлері жүр. Бұлар Тәкең болмағанда жоғалып тынатын мұралар еді. Өйткені бұл күйлерді Таласбектен басқа жан баласы білмейтін. Биылғы жылдың сәуір айында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне Таласбектің өзі қолынан шапқан домбырасын мұражайға тапсыру кеші болды. Музей әкімшілігінің домбыраны сөреге қою рәсімін маған бергені мені қатты толқытты. «Тәке, домбыраңыз музейдің төрінде, өзіңіз халықтың жүрегіндесіз», – деп домбыраны шыны сөренің ішіне қойдым.
  • Иә, ол кісідей талант иесінің өмірден ерте кеткені жанға батады. Аға, өзіңізді сырттай танығанымызбен отбасыңыз жайлы білмейміз. Айтып өтесіз бе екен?
  • Жұбайымның есімі – Зейнеп, мамандығы – дәрігер. Екі балам – ұл-қызым бар. Қызым биыл Абылай хан атындағы шет тілдер университетін тәмамдады. Поляк, ағылшын, испан тілдерінің маманы. Мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері. Ұлым Алдияр тоғызыншы сыныпты бітірді. Кішкентайынан кітап оқиды. Геология, палеонтология, астрофизика деген ғылымдарға қызығады. Көне дүние тарихын зерттейді, әсіресе ежелгі империялардың қару-жарақ тарихының кәдімгідей білгірі. Геология, палеонтология саласы бойынша республикалық, халықаралық конкурстарда жеңімпаз болып жүр. Болашақта ғылыммен айналысқысы келеді.
  • Ұл-қызыңызды өнерге баулу ойыңызда жоқ па?

Қарылғаш, Ақтөбе

  • Жоқ. Бізде «әкесі не шешесі әнші болса, баласы да әнші болады» деген жалған түсінік қалыптасып қалған. Есіңізде болсын, әкенің таланты балаға берілмейді. Өнерпаздан өнерпаз тумайды. Бала өскенде кім болатынын өзі таңдауы керек. Тек бетінен қақпай арманын ұштап, демеп отыру керек. Мен баламның кітап оқығанын қаладым. Таяуда ұлымнан қанша кітап оқығанын сұрасам, бес жүзден аса әлемдік ғылыми еңбектер оқыпты. Арман-аңсары мүлде басқа мұндай балаға «домбыра тарт, әнші бол, сахнада жүр» деп қайтіп айтасың. Қазір ең үлкен құндылық –эстрадник болып, фонограммамен аузын жыбырлатып ән айту боп қалған секілді. Адамдар одан артық өнер бар деп ойламайтын болды. Бірақ, жұрттың көбі осы күнгі әндердің шетелден ұрланғанын, әншілердің барлығы фонограммамен айтатынын білмейді. Бұлай өтірік өнерпаз атанып, әнді қорлап, өнердің обалына қалғанша, одан аулақ жүргені дұрыс. Сол себепті балаларыма ешуақытта өнерге барыңдар деп айтқан емеспін.
  • «Ж.Елебеков» атты кітап жаздыңыз және деректі фильм түсірдіңіз. Ол кісінің қандай қырларын аштым деп айта аласыз?

Тимур, Тараз

  • Мен бұл еңбектерімде Ж.Елебековтің заманын көрсетуге тырыстым. Әншінің өмір жолы мен өнер жолы тақтайдай түзу болмаған. Алаш ардақтылары сияқты, бұл кісі де отызыншы жылдары көп қиындық көрген. Ғайыптан тайып, аштықтан аман қалған. 37 жылы «Халық жауы» бола жаздаған. Бастысы ол кісінің әншілік, ұстаздық, адамгершілік қырларын аштым деп ойлаймын.

Сонау жылдары Мәдидің ел ішінен бір әнін тауып алдым. Үйге жеткен соң, әлгі әннің кілтін таба алмай, ұзақ әурелендім. Болмаған соң түн ортасы ауа ұйқыға кеттім. Түс көріппін. Түсімде Жүсіпбек атам қолымдағы домбырамды қатқыл үнмен «әкел бері» деп ала салып, «бұл ән былай» деп айта жөнелгені. Оянып кетіп күні бойы бабын таба алмаған әлгі әнді жалма-жан домбыраға түсіре қойдым. Өстіп түсіме кіргені, кітап жазғаным, фильм түсіргені – мол кісімен бір рухани байланыстың барын білдіретін сияқты. Мұхтар Әуезов «Жүсіпбек әншіліктің ғана емес, адамгершіліктің де академигі» деп айтып кеткен. Осы сөзге оның бар болмысы сыйып тұр.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№ 17 (227) қыркүйек 2016 санында)

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН

Пікір қосу