– Сахнаға сирек шығасыз, кейде мүлдем көрінбей кетесіз. Неге?

– Адам болғаннан кейін басыңнан түрлі жағдайлар өтіп жатады. Менің де басымда бір жағдайлар болып, сахнадан шеткерілеп қалдым. Дегенмен, өнердің кемесінен түбегейлі шығып қалғам жоқ. Шамамның келгенінше әндерімді жинап жүрмін. Күзде жеке альбомымды шығардым. Өз өмірімнен фотоальбом дайындап жатырмын. Өз басым салдыр-гүлдір, тарс-тұрс, техниканың күшімен орындай салатын жеңіл әндерді айта алмаймын. Көбінесе орта буын тыңдайтын салиқалы, салауатты, мәні бар әндерді айтуға тырысамын. Сондай жақсы әнімнің біріне бейнеклип түсірсем деп отырмын. Былтырдан бері өзім бітірген Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясында ұстаздық қызметтемін. Сегіз қырлы, бір сырлы, өнердің құдіретін сезінетін кәсіби деңгейдегі шәкірт тәрбиелегім келеді.

– Cыр елінің перзенті екенсіз. Ата-анаңыз, бауырларыңыз елде ме?

– Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында 1957 жылдың 26 сәуірінде дүниеге келдім. Әкем Қали мен ес білмейтін шағымда өмірден өткен. Анам Сапураның тәрбиесімен жетілдік. Ол кісі де сексен бір жасқа келіп қайтты. Зерехан деген әпкем болды, ол кісі де қайтыс болып кетті. Отбасында сол әпкем екеуміз ғана болдық. Анам екінші рет тұрмыс құрған жоқ. Менің туылуым да қызық болған екен. Мен – анамның қартайған шағында дүниеге келген перзентімін. Сондықтан болар, «қартайғанда Құдайдың берген баласы болды» деп, атымды Құдайберген қойыпты. Үш келі сегіз жүз грамм болып туылыппын. Анамның айтуы бойынша, мені пойызбен Жалағаштан Жосалыға қарай бара жатып толғатыпты. Толғақтың күштілігі сол, екі сағаттай өлім аузында жатыпты. Соңында Жосалыға жете алмай, жолдан түсіп қалып, босаныпты. Кейін есімді білгеннен кейін анама: «Мені өмір бойы пойызда жүрсін деген екенсіз ғой», – деп қалжыңдайтын болдым. Мені анам екі жасқа толғанша емізіпті. Содан шығар, Құдайға шүкір, ауру-сырқаудан аманмын. Мектепте жүргенімде-ақ өздігімнен мектепаралық концерттерге қатысып жүретінмін. Ауылда «Алтын арай» деген ансамбль болатын. Жетінші сыныптан бастап, сонда ән айттым. Ауылға қандай әртіс келсе де, әйтеуір адамдардың арасына қыстырылысып жүріп кіріп алып, аузым ашылып, бар ынта-шынтаммен тыңдайтынмын. Көзіме сол кісілердің бәрі қол жетпес құдірет болып көрінетін.

pb246212

Жалғыз бала болып өсіпсіз. Кейде жалғыздығыңыз жаныңызға бата ма?

– Батпай қоймайды ғой. Отбасың, дос-жараның болғанымен, бауырдың орны бір бөлек. Маңдайға жазылғаны осы шығар?! Қайткенмен де, Құдайға шүкірлік айтамын. Мен оптимист адаммын. Оның үстіне қара нанның қадірін біліп өстім. Тәрбием өте қатал болды. Сондықтан болар, майда-шүй­де қиындыққа мойыған емеспін. Бұғанам қатпай жатып-ақ нан табуға кірістім. Ауылда жұмыс жасадым, одан арланған жоқпын. Жұрттың көмірін түсіріп, қауынын жинап, оны артатынбыз. Тоғызыншыда оқып жүрген кезім. Сабақтан келемін де, түнгі ауысымдағы жұмысқа кетемін. Одан түннің бір уағында үйге келіп, ұйқыға жатамын. Бір-екі сағат ұйықтар-ұйықтамастан, көзімді тырнап ашып мектепке кетемін. Өзімді-өзім ерте таныдым. Шынын айтайын, «он жеті жасқа қашан келеді екенмін?» деп, қатты армандадым. Он жетіге қалай толдым, солай Алматыға оқуға кеттім. Өйткені, оқу-тоқудың әйтеуір бір жарыққа алып шығатынын білдім. Менің анам өте ақжарқын кісі болатын. Есесіне, бізді өте қатаң тәртіппен асырады. Мен жұмыс істеп, нан тауып жүргенде ауылдағы мен қатарлы балалар темекі тартып, арақ ішіп жүретін. Анамның қаталдығы болмаса, кім біледі, «қайт!» деп отырған әке жоқ, мен де сол балаларға еріп кетер ме едім? Балалықпен жасап қойған бұзақылықтарымнан өлең айтып құтылып кететінмін. Анам үнемі «ұрлық жасамай, сабағын жақсы оқыған адам дүниеден өз орнын табады» деп отыратын. Ерінбей менің тәртібімді, сабағымды мектепке барып жүріп тексеретін. Мектептегі бір-екі мұғалім: «Сен жетім баласың, көп болса тракторшы боларсың», – деп сегізіншіні бітірген соң кәсіптік-техникалық училищеге жіберді. Мұға­лімдердің сол сөздері әлі күнге дейін көкірегімде қалып қойған. Сол сөзге өштендім бе екен, жаста­йымнан намысшыл болып өстім. Кішкентай болсам да, ауылдың «жұлдызы» болып жүрдім.

– Әпкеңіз қанша жасында қайтыс болды?

– 1998 жылы қайтыс болды. Соңында балалары қалды. Әпкем менің өмірімдегі шын жанашырым бола білді. Оқып жүргенімде өзі жеп-ішпесе де, соңғы тиынына дейін маған салып жіберетін. «Менің әкем де, көкем де сенсің, сен оқып, сен адам болсаң болды», – деп менің жолымда құрбан болып тұратын. Бала кезімнен бастап әпкем маған тірек бола білді. Кішкентай кезімде үлкен балалар мені ұрып жіберсе, ерінбей соларға барып сабап келетін. Еркек сияқты болатын. Қанша қимасам да, бір жылдың ішінде ауырды да, өмірден өтіп кетті. Өмірге келген соң өмір сүре білуің керек деп ойлаймын. Өзіңнен-өзің талдың түбінде аузыңды ашып жатсаң, ешкім келіп сенің аузыңа су тамызбайды.

– Адамдар көңіліңізді көп қалдыра ма?

– Өте көп қалдырады. Әлі күнге дейін «өй, сен әнші емессің» деп, өздерін керемет үстем санайтындар көп. Біздің өнер адамдарында менмендік деген мінез өте көп кездеседі. Мүмкін, олар шынымен-ақ мықты шығар?! Бірақ, мен ондайлардың сөзінен биік тұрғым келеді. Көбіне елемей кетемін. «Ит үреді, керуен көшеді» деймін де, жүре беремін. Әншілердің қыр-сырын жақсы білемін. Олардың ішінде бетіңе күліп, сырт айнала бере алаяқтық жасап кететіндері көп. Кейде сені жерге ұрып жатады. 1991 жылы Респуб­лика сарайында бір концерт болып жатты. Сонда бір аты бар әншінің: «Сен кім едің? Неге бұл концерке қатысып тұрсың?» – деген сөзін естігенмін. Ол әншімен қазірге дейін араласып тұрамын.

Сахнаның сыртында тұрып алып, бір-біріне «пыш-пыш» етіп кекесіндеп, әңгіме айтқан да кісілер болды. Ондай адамдарға күліп қараймын. Өмірімде бір адамды жамандап немесе өзімді жоғары санап көрген емеспін. Жалпы, адам қанша жерден жұлдыз болып кетсе де, адамдық деген позициядан асып кетпеуі керек. Қай жерде қалай сөйлеп, не айту керектігін білуі керек. Бір күні мені бір кісілер тойға шақырды. Келістім. Бір-екі күннен кейін әлгі той иесі хабарласып: «Сіз оказывается алқаш екенсіз ғой, бізге арақ ішетін әншінің қажеті жоқ. Оның үстіне өте жаман пиғылды адам екенсіз. Бізге сізді жақсы білетін біреулер айтты», – деп тұр. Мен не деймін? «Айналайын, сол айтқандарға сенсең, мен не деймін? Бірақ ондай жалпылдауық мінез менің табиғатымда жоқ», – дедім де қойдым. Бірақ, қатты көңілім қалды. Біреудің шашбауын көтеру, болмайтын жерден лып етіп шыға келу менің қолымнан еш келмей қойды. Табиғилықты жақсы көремін. Жалпы, қай жерде жүрсем де, өнер адамдарының абыройын асқақтатуға тырысамын. Менің бір қасиетім, жас-кәрі демей араласып, өз қатарымдай қарым-қатынаста болып кетемін. «МузАРТ»-тың жігіттерін, Мәдина Сәдуақасова, Алтынай Жорабаеваларды өте жақсы көремін. Олардың да өзіме деген құрметіне ризамын. Қашан, қай жерде жүрсе де, олар адамдықтан асып кеткен емес. Жалпы, нағыз талантты адамдар осы қыз-жігіттердей болуы керек. Таланты бір бөлек, мінезі бір бөлек, өзі бір бөлек болып тұрса, ондайдан талантты адам шығады деп айта алмаймын.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

№1 (67) Қаңтар 2010 жылғы
 санында)

Сұхбаттасқан Әлия ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

Пікір қосу