Бегім ана

Аты аңызға айналған Бегім ананың біз біле бермейтін өзіндік құпия сырлары бар. Қазалы өңірінің көнекөз қарияларының айтуынша, Бегім ана еріне шын берілген, биік махаббат иесінің бейнесін сомдаған әулие әйел.

Бегім Ана — Қарабура әулиенің қызы, Салжұқ мемлекетінің ханы Санжар сұлтанның әйелі. XXI ғасырдың тұсында Мәлік шахтың патшалық құрған тұсінда Салжұқтар елі әбден кемеліне келген екен. Мәлік шах өлгеннен соң таққа оның баласы Санжар отырады. Санжар астанасын Хорасаннан көшіріп, Сыр бойындағы Жанкентке орналастырады да, бұл шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ол аң аулап, сейіл құрғанды ұнатады екен. Сөйтіп жүріп Созақ маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегімге үйленеді. Бегім жаратылысынан көркіне ақылы сай, парасаты мол қыз болыпты. Санжарды да табындырған осындай сан қырлы қасиеттері болса керек.

Санжар аңға шығып бара жатып құлын үйінде қалған қанжарды әкелуге жұмсайды. Қанжарды ұсынғанда Бегім сұлудың аппақ қолын көріп құл есінен айырылып құлап қалады. Кешігу себебін түсіндірген құл «Ханым білегімнен ұстап жібермей қалды» депті. Санжар ақ-қарасын тексермей Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды. Келесі күні Қарабура әулие қиналып жатқан қызының түсіне кіріп: «Балам, бұлтартпай шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң аллам жәрдем беріп жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!» депті. Сонда Бегім жылап тұрып: «Атажан, құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер, Санжарға қиянат жасам, тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата!» — деп зар еңірейді.

Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: «Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!» деп қарғап батасын береді. Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен дейді. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толы жылан екен. Жылан тысқа тірі жанды шығармай, шағып өлтіреді. Сонымен жайнап тұрған Жанкент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады. Ал Бегім сұлу болса өз әкесі Қарабура әулиенің көмегімен Бегім Ана белгісін салдырып: «Мұнан былай еркекті көрмеймін» деп, қалған жұмбық ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізген.

Бегім ана мұнарасына адамдар  табынатын болған деседі. «Бегім – ана, сұлу – жан апам» деп, әруағына сыйынып, әулиедей пір тұтқан. Сондай-ақ мұнараның маңына зиянкестік жасайды деген ұғыммен ер кісілерді жолатпаған. Бегім ана мұнарасы елді мекендерден сырт, Қызылорда облысы Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 35 км жерде орналасқан.

(Дереккөз: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық.

Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005)

Пікір қосу