құралай

-Құралай, соңғы кезде отандық телехикаялардан да, кинолардан да мүлде көрінбей кеттіңіз. Қазір қайда, немен айналысып жүрсіз?

-Қазір продюсер ретінде жұмыс істеп жүрмін. Сонымен қоса жеке кәсіпкерлікпен де айналысып жатырмын. Кәсіпкерлігімнің шығармашылығыммен ешқандай қатысы болмағандықтан ол жағын ашып айтпай-ақ қояйын. Ал кино әлемінде көрінбей жүргенім рас. Оның басты себебі, көңілімнен шығатын ұсыныстар түсіп жатқан жоқ. Қазір Қазақстанда телехикаялар түсіру сапасы күн өткен сайын жоғарылап дамып келеді. Осы уақытқа дейін көптеген ұсыныстар болды. Бірақ бәрінен бас тартуыма тура келді. Тіпті өзім продюсерлік еткен Қазақстан Ұлттық телеарнасының қолдауымен түсірілген «Алтын ұя» телехикаясында да актер ретінде көрінбедім. Осыдан біраз уақыт бұрын өзімнің продюсерлік орталығымды аштым. Жаңа жобалармен айналысып жатқандықтан киноға мойын бұруға уақытым болмай жатыр.

-Продюсерлік орталығыңыз немен айналысып жатыр?

-Продюсерлік орталығымда қысқаметражды фильмдер, жарнамалар, телехикаялар түсіріп жатырмыз. Құдайға шүкір, жұмысымыз ойдағыдай жүріп жатыр. Ары қарай жемісті еңбек етеміз деп ойлаймын. Қазірдің өзінде жақсы ұсыныстар түсіп жатыр. Жақында Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахский» атты фильміне басты рөлде ойнауға келісімімді бердім. Тамыздың соңына қарай түсірілімді жалғастырамыз.

құралай-Сіз осыдан екі жыл бұрын «Қазақфильмнен» «Мосфильмге» ауыстыңыз. Мұндай шешім қабылдауыңызға не себеп болды?

-Мені «Мосфильмге» өмірдің өзі алып келді. Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтында продюсер мамандығы бойынша дәріс алдым. Сол жерде оқып жүріп, тәжірибе жинау үшін практикант ретінде «Мосфильмге» жұмысқа тұрдым. Тәжірибелік мерзім аяқтала салысымен киностудиядан ұсыныс түсті. Олар 16 сериалы телехикая түсіруді маған жүктеді. Қазақстаннан келген жас қызға алаңсыз сеніп, жауапты жұмыс тапсырғанына таңғалдым. Сондықтан, сенімін ақтап, телехикаяны аяқтап шықтым. Ол жерден үлкен мектептен өттім десем болады. Мен үшін бұл теңдессіз тәжірибе болды. «Мосфильмің» шеберлігі біздің кинематографиядан әлдеқайда жоғары. Жұмысқа жауапты қарайды. Қазір бізде өз мамандығын жетік білмейтін кино-продюсерлер өте көп. Мен олардан үздік болғым келеді. «Мосфильмнен» киноның түсірілу барысын басынан аяғына дейін қадағалауды, дұрыс ұйымдастыруды үйрендім. Бұл жерден кеткеніме екі жыл болды. Біреу үшін емес, енді өзім үшін еңбектенгім келеді. Тәлім алған екі мектептің де жақсы жақтарын алып, өз бағытымды қалыптастыру ойымда бар.

-Қазір қай қалада тұрасыз?

-Тұрақты үйім Астана қаласында. Продюсерлік орталығым да сол жерде орналасқан. Бірақ Мәскеу мен Алматыға да жиі барып тұрамын. Күнделікті ізденісте жүретін адаммын. Саяхатқа жиі шығамын. Жас болған соң жаңа идея тапқың келеді. Әлемдік кино саласын жақсы меңгерген шетелдік достарым өте көп. Солармен үнемі байланыста болуға тырысамын.

-Бір сұхбатында актриса Бибігүл Сүйіншалина «Өзімді Мәскеуде емес, Алматыда жайлы сезінемін» деген еді. Өзіңізді қай қалада еркін сезінесіз?

-Өзімді қай жерде болмасын еркін сезінемін. Әр жерде өзімді жаңа қырымнан танимын.

-«Жаужүрек Мың бала» фильмінен кейін актерлік өнеріңізді неге дамыта бермедіңіз? Әлде сізді кастингтерге шақырмады ма?

-Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл фильм біте салысымен Мәскеуде екі жыл дәріс алдым. Актерлікпен шектеліп қалмай, өнердегі көкжиегімді кеңейткім келді. Актерлік кәсіптің ғұмыры мен үшін бұлыңғыр көрінді. Сол кезде алдымда екі жол тұрды: не кәсіби білім алу, не актер ретінде әртүрлі фильмдерде ойнап жүре беру. Сөйтіп, мен екінші жолды таңдадым. Негізі, режиссерлерден ұсыныс көп түсіп жатты. Жалпы, кастингке көп қатыса бермеймін. Өз көңілімнен шыққан рөль болса ғана баруым мүмкін. Болашақта продюсер ретінде ғана емес, актер ретінде де көрінгім келеді.

-Қазіргі отандық телехикаяларға, киноларға көңіліңіз тола ма?

-Отандық фильмдерден маған ұнайтындары бар. Бізде қазір жекеменшік компаниялар, кішігірім продюсерлік орталықтар жақсы дамып жатыр. Сондықтан болашақта қазақ фильмдерінің сапасы жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдімін.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№ 14 (224) шілде 2016 санында)
Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали

Пікір қосу