Жарқынай, «Баян Есентаева, Жанар Дұғалованы жолда қалдыратын жоба жасақтады. Жарқынай Ханайымның дауыс ырғағы  қазіргі қазақ әншілерінің ешбірінде жоқ» деген ерекше таныстырумен сахнаға шықтыңыз. Алматының қымбат мейрамханаларының бірінде өнер майталмандарының қатысуымен сіздің тұсаукесеріңіз өтті. Өнер есігін аттай сала, елден осынша ілтипат көріп есеңгіреп қалмадыңыз ба?

– Мұндай ілтипатты мүлдем күтпедім деп айтуға да болмайды. Кішкентай күнімнен анам ғажайыпқа сенуге үйретті. Өмірде жақсы дүниелердің барына сенуді, армандау керек екенін анамнан үйрендім. Сол ғажайыптың шындыққа айналғаны осы шығар деп ойлаймын. Өзбекстанда туып-өскенімді бірі білсе, бірі білмейді. Отаныма оралдым. Осы уақытқа дейін отбасылық өмірде де, кішігірім шығармашылық жолымда да қиын кездер көп болды. Қазіргі жұлдызымның жарқырауы осы қиындықтардың өтеуі деп ойлаймын. Бастапқыда назардың маған ауғанына таңырқап қалғаным рас. Кейін әртіс ретінде бойымды жинап, маған жүктелген үлкен жауапкершілікті түсіндім. Сенім білдірген адамдардың көңілінен барынша шығып, артқан міндетті мінсіз атқару үшін аянып қалмақ емеспін. Бала күнімнен музыкалық мектепте білім алып, оны колледжде жалғастырдым. Менің жолым тек өнерде екеніне сол кезден-ақ көзім жеткен болатын.

Сізді осыған дейінгі Баян ханымның продюсерлігінде жұмыс істеген әнші қыздармен салыстырып жатады. Бұл көңіліңізге тимей ме?

– Инстаграм парақшамнан байқауымша, шынымен де салыстырып жатқандар көп. Халықтың пікірін саралап, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деп шешім шығаратын жаста емеспін. Әнші ретінде толық қалыптаспай жатып, қай әншінің қандай деңгейде екенін айта алмаймын. Екіншіден, менің өзге қазақ әнші қыздарынан туып-өскен жерім, ортам басқа болды. Қазақстаннан жырақта жүргендіктен, қазақтың ән өнері мен тарихынан сусындай алмадым. Ал ол әншілер өз елімізде өсіп, қазақтың әні мен жырын бойына сіңіріп ержетті. Сол жағынан келгенде олар маған қарағанда бақыттырақ.

Тегіңіз Шалқарова, алайда «Ханайым» деген лақап атпен сахнаға шықтыңыз. Неліктен осы есімді таңдадыңыздар?

– Баян Мақсатқызы менімен бірге жұмыс істер алдында осы есімді ұсынды. Бастапқыда «Жарқынай Ханайым» емес, жай ғана «Ханайым» есімімен шығу жоспарда болған. Алайда мен өз есімімді ауыстырғым келмеді. Атым өміріме тікелей байланысты. Достарым, туыстарым мені «Жарқылдап жүрер Жарқынай!» деп айтады. Кейде өмірімде қиындыққа тап болып, көңілім құлазыса «Мен Жарқынаймын ғой, неге көңіл күйімді түсіруім керек?!» деп атым арқылы жігерленіп қаламын. Сол себепті, Баян Мақсатқызымен есімім туралы бір ауыз сөйлесуді жөн деп санадым. Ол кісі мені түсінуге тырысты. Ұзақ ойланып, өз есімім мен лақап атымды қосып «Жарқынай Ханайым» болдым. Ханайымға келсек, продюсерім мені «Шоу-бизнестің ханшайымы» болса екен деген тілекпен осы есімді таңдапты. Шынымды айтсам, қазіргі есіміме мүлдем үйренісе алмай  жүрмін. Басқа адамның рөлін сомдағандай кейіптемін.

«Махаббатым» әнімен жарқ етіп шықтыңыз. Қазір неге репертуарыңызда жаңа ән, жаңа бейнебаян жоқ?

– Бұл сұрақ маған емес, продюсерлеріме қойылу керек шығар?! Бағым ханым көптен бері маған жақсы ән іздеп жатыр. Сапасыз әндермен халықты жалықтырмай, әдемі дүниемен таңғалдырғымыз келеді.

Баян Есентаеваның қазіргі жеке өміріндегі өзгерістер өнеріңізге кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?

– Әр нәрсенің өз қайыры бар. Баян ханым алған жобасын соңына дейін жеткізбей қойған емес. Мен ол кісіге барынша сенемін. Мүмкін, көп күттіріп қойған болармыз. «Жарқынай, жаңа ән күтеміз, неге бейнебаян түсірмейсің?» деп жатқан халық көп. Мен ол кісіні кінәлап жатсам, бұл менің адамгершілік қасиетіме сын. Уақытында көріп, бағасын бере жатарсыздар.

Алғашқы әніңіздің музыкасын плагиаттан бастағандарыңызға не себеп болды? Әлде, қазіргі композиторларға көңіліңіз толмай ма?

– Бұл – менің музыкалық продюсерім Бағым Мақсатқызының шешімі. Осы әнді ұсынғанда, ол кісімен таласып жатпадым. Өйткені, Бағым ханымның музыкалық талғамын өте жоғары бағалаймын. Маған қарағанда қай әуеннің әуезді екенін біледі. Композиторларды сынауға менің хақым жоқ деп ойлаймын. Кішкентай күнімде қазақша ән естісем, тұла бойым шымырлап қоя беретін. Өзбекстанға шағын-шағын қазақ әншілерінің кассеталары келетін. Сол кассеталарды бүкіл ауыл болып тыңдайтынбыз. « Мәссаған, қандай әдемі ән! Бұл кімнің өлеңі?» деп, сұрап, біліп алатынмын. Қазақтың халық әндерін, «МузАрт», «Жігіттер» тобының әндерін сүйіп тыңдадым. Қазақша әндерді естісем, шабыттанып, кеудемді мақтаныш кернейтін. Сондықтан, мұндай ән шығаратын композиторларды қатты құрметтеймін.

Сіздің тарапыңызға «әнді шыңғырып айтады», «бір сөзі түсініксіз» «құр айқай» деп айтатын сыншылар өте көп…

– Біріншіден, осы сыншылардың барына шүкір. Екіншіден, әр бағыттың өз тыңдармандары болады. Тіпті, қазақтың термелерін, халық әндерін тыңдасақ, көпшілігі кең диапазонды  келеді. Мен жұрт айтқан құр айқай емес, адамның жүрегіндегі жан айқайын жеткізгім келеді. Эмоционалды түрде кең дауыспен айтуды талап ететін әндер болады. «Махаббатым» әнінде сүйгенінен айырылған адамның мұңы айтылады. Кәсіби әншілер мен музыканттар әніме риза болып жатыр. Бар айтарым, әнім көңілден шықса, тыңдасын. Менің бағытым ұнамай жатса, таңдау өз еркінде.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№ 19 (229) қыркүйек 2016 санында)
Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали

Пікір қосу