Тарих сахнасында ұлы тұлғаларымыздың батырлығы, ақылы мен данагөй, шешендіктерінен өзге, махаббат хикаялары өз алдына бөлек әңгіме. Ал бүгінгі тақырыбымызға арқау болған жазушы Сәбит Мұқанов пен жұбайы Мәриям апайымыздың мөлдір махаббаты.

Кейбір дерек көздерінде «Мәриям апай, еркекшора өскен. Он бес жасқа келгенше басына бөрік, аяғына саптама етік киген. Ер балаша киініп, етігінің қонышында қамшы жүретін болған» дейді. Мәриям апайдың әжесі Зейнеп әулеттің анасы атанған кісі болған. Мәриям апайдың шашын он бес жасқа келгенше әжесі қымызбен жуған екен.

34568b22-0471-4f34-a0eb-184f1c844902_mw800_s
Сәбит Мұқановтың жары Мәриям Мұқанова, Мәскеу, 1933 жыл. Сурет Сәбит Мұқановтың Алматыдағы мұражайынан түсірілді. 5 қараша, 2009 жыл.

Осы жайында Мәриям Мұқанованың «Менің Сәбитім», «Сағынышым Сәбитім» естеліктерінде Мәриям апай: «Мен он алты жасымда Сәбитке тұрмысқа шықтым. Сәбит екеуміз 47 жыл бірге өмір сүрдік… Сәбиттің жиі айтар сөзі «шашыңнан айналайын Мәриям» болушы еді. Расында да шашым ұзын болатын. Екі шешем (туған анам мен әжем) шашымды қымызбен жуып мәпелейтінін білетін Сәбит: «Бір үйдің еркетотайы едің, қайдан білейін күте алып жүрсің бе, жоқ па шашыңды» — дейді. Бақсам мені жассынады, жайы болмай жүр ме деп ойлайды екен ғой. Содан бір күні Мәриям деп шақырып алып, түюлі шашымды тарқаттырды. Өргізді. Жаңа көргендей үңіліп, әр қырынан қарайды. Жас кезім, қатты қысыламын. Бірақ ештеңе демеймін» — дейді.

«Мәриям апай, еркекшора өскен. Он бес жасқа келгенше басына бөрік, аяғына саптама етік киген. Ер балаша киініп, етігінің қонышында қамшы жүретін болған»

Сәбит және Мәриям Мұқановтар жарты ғасырдай бірге ғұмыр кешкен жандар. Шындығында Мариям апай Сәбит Мұқановтың бірінші оқырманы мен кеңесшісі, сыншысы мен музасы, Арыстан, Марат, Алтай, Ботажан атты ұлдары мен Баян, Жанна есімді қыздарын  тәрбиелеген алты баланың анасы мен жардың үздік үлгісі бола білді.

Пікір қосу