— Сіздің бірінші продюсеріңіз Мөлдір Әуелбекова болған екен. Жарты жылдан кейін жұмысты тоқтатуларыңызға не кедергі болды?

-Менің ең бірінші продюсерім – анам десем болады. Себебі, 18 жасымда Алматыға арман қуып келгенімде анам қол ұшын беріп, ән жазуыма көмектесті. Кейін бейнебаян да түсірдік. Бұл маған анамның жасаған  сыйлығы болды. Кейін өзімнің жерлесім, Арыс қаласының тумасы Нұрлан Еспанов жол сілтеді. Ол кісі  үш ән жазып берді. Корей еліне барып «Тыңдашы» әніне бейнебаян түсірдік. Нұрланмен әлі де отбасымызбен араласып тұрамыз. Қыздардың бірлесіп жұмыс істегені дұрыс болар деген оймен кейін ол кісі мені Мөлдір Әуелбековамен таныстырды. Екеуміз қызу жұмысқа кірісіп, көп істің басын қайырдық. Алайда оның жеке өмірінде өзгерістерге байланысты продюсерлікті тоқтатуға мәжбүр болды. Мөлдір де маған ақ жол тілеп, жылы қош айтыстық.

-Отандық әншілерден кімдерді тыңдайсыз?

-Кішкентайымнан Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, «МузАрт» тобының әндерін тыңдап өстім. Қазіргі таңда Жанар Дұғалова мен Мақпал Исабекованың әндерін сүйіп тыңдаймын.

-Өнерге қаншалықты адалсыз?

-Сахна – менің өмірім. Сахнада мүлдем басқа адамға айналамын. Мазасыз ойларым, ашуым бәрі ән айтқанда ізім-ғайым жоғалады. Мені тыңдап отырған әр тыңдарманның жүрегінен орын алғым келеді. Бұл – мен үшін өте маңызды.

-Қазір кімдермен шығармашылық байланыстасыз?

Кәмшат Жолдыбаева, Қайрат Нұртас, Қырғыз елінің белгілі әншісі Нұрлан Нәсіппен шығармашылық қарым-қатынастамыз. Шетелдік әншілермен дуэт жазу ойда бар. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Әзірге бұл құпия бола тұрсын…

-Қазіргі таңдағы жетістіктеріңіз қандай?

К-әсіби сахнаға шыққаныма бір жарым жыл болады. Былтыр Қазақстанда MUZTV ұйымдастыруымен үлкен шоу-концерт өтті. Соған қатысудың өзі де бір жетістік деп ойлаймын. MUZTV гравитациясына, қызыл кілемшеге шықтым. Сондай-ақ MUZZONE телеарнасы ұйымдастырған ЕМА-2015 шарасында «Ғаламтор таңдауы» аталымы бойынша арнайы премияға қол жеткідім. Өткен жылы бұрын соңды болмаған Қайрат Нұртастың Астана аренада есеп беру кеші өтті. Сол концертте отандық әншілерден мен ғана ән айттым. Мұны да бір жетістік деп ойлаймын. Қазір MUZZONE музыкалық арнасының үш номинациясы бойынша өнер көрсетіп жатырмын.

-Біреудің ащы сөзін көтере аласыз ба?

-Ащы сөз болса да, ауыр сөз болса да көтеремін. Мен де пендемін. Сол себепті біреуге байқаусызда теріс сөйлеп қоюым мүмкін. «Адамның тілі – өзіне жау» деген сөз бар. Әлеуметтік желілерде маған қатысты пікір айтып, сынап жататындар да бар. Олардың керек жерін ақылмен қабылдаймын. Жөнсіз пікірлерге назар аудармауға тырысамын.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№ 17 (227) қыркүйек 2016 санында)
Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали

Пікір қосу