Қуанышқа толы кеуде… Айналасындағылардың бәрі бақытты болып көрінді. Пойыз жылжып жүрген сайын, армандарына деген арақашықтық жақындай түскендей сезілді. Иә, иә… Сол күні Жаннұрдың жанары болашаққа деген үміт пен сенімге толы еді…

Жаңа оқу жылы басталып, Жаннұр арман қала Алматыға жол жүрмек. Анасының аяулы, әкесінің бес ұлдан кейін көрген жалғыз қызы. Жаннұрым деп бар тапқан-таянғандарын ағалары да алдына тосып, әлек. Қайтсін, көз қарашығындай қарап жүретін қарындасы жалғыз алып шаһарға ертеңгісін кеткелі жатыр. Дегенмен алғашында жібергісі келмеген ата-анасы қызының бетін қақпай, білім алып келуіне қарсы тұра алмады.
Бүгінгі таң Жаннұр үшін ерекше шуағын шашып, таумен таласа атты. Анасы мен әкесіне «мен сендерді қатты жақсы көремін» деп жүрек сөзін жеткізіп, құшақтап қоштасты. Көзіне еріксіз жас үйірілген ана жүрегі қызын енді көрместей боп жылады. «Мама неге сонша жылайсың? Бір Қазақстанның іші ғой. Шекара асып бара жатқан жоқпын», — деп Жаннұр анасын жұбатқандай болды. Осы кезде маңдайын иіскеп, сүйген әкесі: «Ботақаным, аман жүр!», — деп шығарып салады.
Асықпай, аяңдап келе жатқан жүргек пойыз. Ойға шомып кеткен Жаннұр көзінің ілінгенін байқамай да қалды. Түсінде анасын ақ киімге оралғанын көріп, шошып оянды. «Өңім емес екен» деп тәубе қылған қыз достарымен сөйлесіп, қорқынышты түсін ұмытқандай болды. Осылайша үш күн мен түнді өткізген пойыз Алматыға да келіп жетті. Жастардың мақсаттарына жігер беріп, талай студенттің қолы жетпес арманына айналған шаһар. Жаннұр лезде киімдерін жинап, жаңа оқу ордасын көруге асықты. Көлікке отырысымен білім алатын қара шаңырағына жол тартты. Күні бойы Алматының сұлулығына тамсанып, осындай жерде тәлім алатынын мақтан тұтты.
Жап-жас, үріп ауызға аларлықтай, өмірдің ащы дәмін татып көрмеген қыз үшін бәрі әдемі, көркем еді, әрине. Бірақ тағдырдың тоғыспалы шырмауықтары да, дәл осы бақытты шақпен тұспа-тұс келетіні өкінішті…
Жаннұрдың жаңа ортамен танысып, жаңа өмірге қадам басқанына үш күн болды. Өзге өңірден келген қызға бұл жердің әр бұрышы таңсық еді. Сол күні өзін жайсыз сезінген қыз анасын ерекше іздеді. Үй ішінің телефон тұтқасын алмағандарынан-ақ бірнәрсенің болғанын сезді. Ағасы хабарласып: «Жаннұр, саған кешкі рейске билет алып қойдық. Ауылға тез келе ғой», — деп тұтқаны қоя салды. Жүрегі жамандықты сезіп тұрса да, Жаннұр ештеңеге сенгісі келмеді. Тек бәрі жақсы деген желеумен өзін жұбатып, ұшаққа барып отырды.
Кеш… Айнала тым-тырыс. Сөмкесін сүйрете үйінің жанына келгенде, жоқтау айтып, жылап жатқан дауыстарды естиді. Қолындағы бар затын тастай сала жүгірген қыздың алдынан әкесі шығып: «Қызым, анаңнан айырылып қалдық. Сен уайымдамасын деп, қатерлі дертке шалдыққанын анаң айта алмады», — деп ботақанын құшақтап, жылады. Жаннұрдың жанары жасқа толып, бүкіл әлем қара жамылды. Аспан қара түнеке боялып, қыздың жасымен жарыса жаңбыр қатар жауды. Ешкімге құлақ аспаған қыз «Анашым, жоқ, мүмкін емес» деп анасының жанына барып, оны оятуға тырысты. Ағалары қанша алып кетуге әрекеттенсе де, бой бермеген қыз бір күн бойы анасының жансыз денесін құшақтап ұйықтады.
Жерлеу рәсімі болатын күні Жаннұр: «Анашымды жер қойнауына тапсырмаймын. Ол тірі. Аурып ұйықтап жатыр», — деп жылады. Әкесінің жанына келіп: «Мен оны қалай қара жерге беремін? Маматайым тоңып қалды. Қараңғыдан қорқады ғой»,- деп жанары өксікке толады. Ақырында сабырға шақырып, қарындасын қапсыра құшақтаған ағасының жанында Жаннұр үнсіз қалды.
Келесі күні… Қара шаңырақтың ішін қараңғы түн жайлаған секілді. Бұрынғыдай нұр сәулесін шашатын күн көзі көрінбейді. Қызының аянышты халы әкесінің жанына қатты батты. Бір бұрышта анасының киімдерін құшақтап жатқан Жаннұрды көрген сайын, әке жүрегі бұл ауыртпалықты көтере алмады.
Қызының қасына барып: «Тірі адам тіршілігін жасайды. Балапаным киімдеріңді жинастыр. Сабағыңа бару керек. Анаң да, мен де сенің болашағың үшін оқығаныңды қалаймыз. Анаңның соңғы тілегін орындап, оқуыңа бара ғой, айналайын» дегені сол екен, Жаннұр: «Мен анамды тастап қалай кетемін, әке? Енді Алматыға бармаймын. Сендердің жандарыңда боламын»,-деп шешімін айтады. Қызын көндіре алмасын білген әкесі үнсіз шығып, кетіп қалады.
Сол күні әкесі түнімен көз ілмей жүрегі ауырады. Балаларымның мазасын алармын деп таң ата көз ілгені сол екен, о дүниеге жол жүріп кете барды. Таңертеңгілік асқа оятайын деп келген Жаннұр әкесінің суық денесін ұстап шошып кетеді. Шыңғыра дауыс еткен қарындасына жүгіріп келген ағалары, әкесінің денесін көріп жерге үнсіз отырып қалады.
Қара шаңырақтың іші тағы да көз жасқа толды… Аналарынан жақында ғана айырылып, топырағы кеппестен қара жердің қойнауына әкелерін жер қойнауына тапсырды. Өмірдің қатал сынағына көндікпеген қыздың кеудесі мұңға толып, қос бәйтерегінен ерте айырылған жанның жүрегі жараланды.
Бүгінде Жаннұр ата-анасының соңғы үмітін ақтап, Алматыдағы оқуын үздік аяқтады. Ағаларының үйіне аратұра қыдырып барып тұратыны болмаса, жеңешелерінің жақтырмай қарайтын көзқарастарына қысылады. Арқа сүйер азаматын жолықтырмаса да, ер мінезділігінің арқасында тағдырдың тауқыметіне мойынсұнбай, ата-анасы тұрғызған қара шаңырақты алақанында ұстап, көзінің қарашығындай қорғап келеді.

 

Пікір қосу