Қазақстанның еңбек сіңірген актрисасы Хабиба Елебекова қайтыс болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова 16 шілдеде 100 жасқа толған болатын.

Хабиба Қарақбайқызы Елебекова 1916 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар ауылында қарапайым отбасында дүниеге кел­ген. Театр өнері майталмандарының бірі қазақтың басынан өткен небір нәубет жылдарды өз көзіммен көрген жандардың бірі.

Мұхтар Әуезовтің «Абай» драмасындағы Қаныкей бейнесін сексенге келген­ше сомдап, 55 жыл сахнадан түсір­меді. Сонымен қатар, Гогольдің «Ревизорындағы» Пошлепкина тәрізді жағымсыз кейіпкер ролін 37 жыл бойы көрерменге ұсынып, 95 жасында сахнамен қоштасты. Ол театр өнерінде 70 жылдан аса қызмет еткен.

Айта кетейік, әйгілі актриса қазақ театры тарихында ғасырлық мерейтойын тойлап отырған алғашқы адам болған. Әуезов театрының 90 жылдығы Елебекованың мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен дәстүрлі түрде өтетін «Театр көктемі» фестивалі Хабиба Елебекованың мерейтойына арналған. Сондай-ақ, Елебекова — белгілі әнші, өз жұбайы туралы “Үні кетпес құлақтан” (1981жылы), “Ән-Аманат” (1989 жылы), “Қайран Жүсекем” (1998 жылы) кітаптарының авторы.

Пікір қосу