– Бір сұхбатыңызда «көңілім құлазыған кезде ғана концерт беремін» депсіз. Сонда сіздің көңіліңізді осы жолы құлазытқан не нәрсе?

Өмір болған соң адамның басынан түрлі жағдайлар өтеді. Кейде жақсы көрген жақын адамдарың көңіліңді қалдырып, ренжітеді. Тіпті туысқандарыңның өзі пендешілік жасайды. Осындай келеңсіздікке жүрегім ауырады. Содан көңіл-күйім болмай қалған кезде үнемі концерт беретінмін. Мамыр айының 31-інде Алматы қаласында да концерт  берсем деп жоспарлап едім. Бірақ жер мәселесіне байланысты концертті кейінге қалдырдым. Өйткені  Халықтың проблемасы – менің де проблемам. Ел жеріне араша сұрап қамығып отырғанда сауық-сайран құрып, концерт беруге ұялдым.  Бірақ осыған қарамай кешін өткізіп жатқан адамдарды көрдім. Кей адамдар «Алла сақтасын, саған оның зияндығы тимейді, концерт бере бер» деп ақыл-кеңестерін айтты. Десе де, менің оған дәтім бармады. Сөйтіп, концертті маусым айының аяғында өткіземін деп ойлап едім. Бірақ құлшынысым, шабытым сәл басылып қалды. Егер концерт беріп жатсам, өзім оған жүз пайыз дайынмын. Тіпті  костюмім де, репертуарым да, концертке қатысатын шәкірттерім де дайын.

Соңғы кездері көбісі менен «қашан күйеуге тиесің» деп сұрайтын болды. Қазақтың «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген әдемі сөзі бар. Бақ құсы біреудің басына ерте қонады, біреуге кеш қонады емес пе?

– Неге өзге әншілер сияқты көгілдір экраннан көп көріне бермейсіз?

– Экранға да өз орнымен шыққанды ұнатамын. Қазір қайда болса да жылтыңдап беталды шыға беретін жұлдыздарымыз көбейіп кетті. Телебағдарламаларға шақырып маған да жиі хабарласады. Бірақ көңіліме ұнамайтын нәрсе болса, «ондай эфирдің керегі жоқ» деп бірден бас тартамын. Егер тақырып қызықты болса,  келісімімді беріп, қатысып қайтамын.  Қазір оның үстіне мағынасы жоқ, сапасыз телеарналар мен хабарлар да көбейді. Оларға қатысып, құнымды түсіріп қайтемін.

– 2015 жылы берген сұхбатыңызда «биыл кетемін» депсіз. Бірақ әзірше ол ойыңыз орындалмаған тәрізді. Өзіңіз қашан «Ақ келін» атанбақсыз?

Шынында да соңғы кездері көбісі менен «қашан күйеуге тиесің» деп сұрайтын болды. Қазақтың «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген әдемі сөзі бар. Бақ құсы біреудің басына ерте қонады, біреуге кеш қонады емес пе? Осы күнге дейін өнерге баса көңіл бөлумен болдым. Әрі өзіме «аяққа тұрып алғаннан кейін тұрмысқа шығамын» деп сөз берген едім. Өмірде талай жігіттер кездесті. Алайда жүрегімді жаулап, «міне, мына жігіт менің жарым болады» деген кісіні әлі кездестіре қойғаным жоқ. Құдайға шүкір, қазір біраз нәрсеге қол жеткіздім, халық та өнерімді мойындады. Сөздің қысқасы, енді күйеуге шыға беруіме болады дегенім ғой (күліп).

–  Журналистеріміз осы сұрақты сізге жиі қояды.  Шамыңызға тимей ме?

Кейде тиеді, әрине. Бірақ қойғаны да дұрыс шығар. Оқырмандарымыз жеке өмірімізден де хабардар болғысы келеді ғой. Сондықтан сол кісілердің құлақ құрышы қансын деп барлығын жасырмай айта беремін.

– Дегенмен, тойда «Ақ келін» әнін орындап жатқанда кейде ұзатылып бара жатқан қыздарға қарап қызығатын кездеріңіз болатын шығар.

Шынында, тойларға шығып жүрген кезде ұзатылып жатқан аруларға қарап, қатты қызығатынмын.  Тіпті жылаған да кездерім болды. Әрине менің де  өз теңімді тауып, бақытты болғым келеді. Әрі сол бақытты күннің туатынына сенемін.

– Әйел бақыты деген ұғымды қалай түсінесіз?

Мен өмірде өз жолымды тапқан адаммын. Енді өмірдегі теңімді тауып, адал жар болсам, сол кезде ғана әйел бақытын сезінетін шығармын.

(…толық нұсқасы

Жұлдыздар отбасы журналының

№15 (225) тамыз 2016 санында)

Сұхбаттасқан Мөлдір АПСЕЙТОВА

Пікір қосу