Әли Оқапов

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жылы: Қой (1991 жыл)
Жұлдызы: Арыстан (22 шілде)
Тағамы: қуырылған картоп пен котлет
Сусыны: сүтпен шай
Актері: Джонни Депп
Киносы: Начало
Кітабы: Король кресс

Аздап қатал бола бастағанымды мойындаймын

Әли, сахнада жүргеніңізге бес жыл болды. Осы уақыт аралығында «Халық әртісі Розаның ұлы» деген аттан арылдым деп ойлайсыз ба? Тыңдарманның сізге деген көзқарасы қаншалықты өзгерді?

– Халық көбінде мені «Розаның баласы» деп танып жатады. Қазірге бұл атаудан арылдым деп айта алмаймын. Тіпті, өмір бойы арылмайтын шығармын. Өйткені, менің ойымша, Роза Рымбаева – еліміздегі нөмірі бірінші әнші. Ұлы бола тұра анаңнан бөлініп кету мүлдем мүмкін емес. Ресей әншісі Кристина Орбакайтені мысалға алайық. Ол қаншалықты танымал әрі еңбекқорлығына қарамастан «Алла Пугачеваның қызы» болып қала береді. Десе де, менің халық әртісінің баласы ретінде ғана емес, өзіме тиесілі жеңістерім бар. Өнердегі түрлі өзгерістерге қарамастан, сахнада 5 жыл болудың өзі – ол үлкен еңбек пен сәттіліктің арқасы. Қазір бір жылдың ішінде жап-жақсы өнер көрсетіп, елдің алғысына бөленіп, әртүрлі себептермен сахнадан кетіп жататын әншілер көбейіп кетті. Мен осы тұрғыдан өзімді бақыттымын деп санаймын. Өйткені, әнімді сүйіп тыңдайтын өз аудиториям бар. Менің тыңдармандарым өзге әншілерге қарағанда көп немесе аз деп салыстыра алмаймын. Өйткені, қазір кім көп? Әнші көп. Мен заманауи бағыттағы музыканы ұсынамын. Әнім де, шығарған әуенім де қазіргі заманға лайықты жаңа дүниелер. Сондықтан, мені үлкен кісілер тұшынып тыңдай бермейді. Мүмкін, кейбіреулер шығармашылығымды түсінбейтін шығар. «Әнінде қазақылық жоқ, батысқа еліктейді» деген пікірлерді де құлағым шалып қалады. Бірақ, халықтың маған деген көзқарасына ризамын. Қай жерде жүрсем де, тыңдарманның алғысына бөленіп жүрмін.

Өнерге алғаш қадам басқан кезіңізде өзіңізді барынша еркін ұстайтын едіңіз. Журналистердің сұрақтарына да ашық-жарқын жауап беретінсіз. Жыл өткен сайын жүзіңізден күлкі жоғалып, қатаңданып бара жатқан жоқсыз ба?

– Мүмкін. Аздап қатал бола бастағанымды мойындаймын. Өйткені, бес жыл бұрынғы мінезім мен осы күнгі мінезім мүлдем ұқсамайды. Осы уақыт ішінде өнерде де, өмірде де көптеген қиындықтарды басымнан кешірдім. Өте көп дүниелерге өзіндік көзқарасымды өзгерттім. Көңіліме кірбің ұялататын жағдайларға мүлдем мән бермейтін болдым. Бір жағынан бұл да жақсы деп ойлаймын. Өйткені мен бір орында тұрмаймын.

Өткен жылы қоғамдық-саяси шараларға көп қатысып, Алматы қаласының белсенді жастарының бірі болдыңыз. Қазір белсенділігіңіз бәсеңсіп қалған жоқ па?

– Қазір ЮНИСЕФ атты үлкен ұжымның жастар арасындағы суицидпен күресу шарасына атсалысып жатырмын. Қазақстан жастары суицидке бару жөнінен халықаралық тізімде 2-ші орында тұр. Бұл – еліміз үшін өте қауіпті көрсеткіш. Жастардың өз-өзіне қол жұмсау әрекетін тоқтату үшін үлесімді қосу – парыз деп санадым. Өйткені, жастар көпшілік тізімнен мені таңдады. Осы жобаға байланысты семинар, тренингтер мен кездесулерге қатысып, қолымнан келгенше қолдауға тырысамын. Сонымен қоса, Алматы қаласының әкімшілігі ұйымдастырған шараларды бақылап жүремін. Жастармен бірігіп ағаш өсіріп, арықтарды тазалаған кездерім аз емес. Біздің міндетіміз – еңбек ету емес, назар аудару. Әншілеріміздің арасында қаланың тазалығы үшін атсалысып жатқандар жетеді, әрине. Бізге қарап бой түзеп келе жатқан балалар, жасөспірімдер бар. Соларға өнеге, үлгі болсақ деген жақсы ниет қой біздікі.

Осы шаралардан нәтиже байқалды ма?

– Шынымды айтсам, бұл шаралардың нәтижесін байқай алмадым. Қанша тырыссақ та, Алматының қоқысынан әлі арылмай келеміз. Жастардың суицидке деген көзқарасы да өзгермей жатыр. Бұл – бір емес, бірнеше жылды қажет ететін мәселе. Өз үлесіміздің нәтижесін көреміз деген үміттемін.

Бір айда екі әніңіз жарық көреді. Бейнебаянды жиі түсіресіз. Сонымен қатар, өнер академиясында білім аласыз. Сізді «шетелде демалып жатыр» дегенді мүлдем естімейміз. Шығармашылықтан бөлек өзіңізге уақыт бөлесіз бе?

– Мен оқуды да, биді де, өнерді де демалумен қатар алып жүретін әртіспін. Жұмыстың бәрін кешке дейін бітіруге тырысамын. Жеке өміріме, отбасым мен достарыма уақыт жетпей жатыр деп айта алмаймын. Шетелде демалмағаныма көп болды. Осы жазда да демалыссыз шығармашылықпен айналыстым. Арнайы апталап демалудың да сәті түсер.

Сіз үшін шоу-бизнестің ең басты заңы не?

– Мен үшін ол – еңбек. Жылына бір ән шығарып немесе бір бейнебаянмен шектелетін әншілер бар. Әншімін деп жүргендердің кейбірі тіпті жылына бір рет болсын ән жазбайды. Мен оларды түсінбеймін. Әнші болған соң еңбектену – ең бірінші міндетің. Сенің тыңдармандарың бар, олардың алдында жауапкершілікті сезінуің керек. Сахнада сен біреудің орнын алып тұрсың. Сол орынға лайық болу үшін және халықтың ықыласын суытып алмау үшін міндетті түрде еңбек ету керек. Мақсат бірнеше мың ән шығару емес, мақсат – даму. Кейбір әншілер уақыт өте келе сырт-келбетіне, дауысына мән бермей кетеді. Халықтың алдында жүргендіктен әрқашан өзіңмен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Соңғы онжылдықта Қазақстанда әншілер саны күрт көбейіп кетті. Олардың арасынан суырылып шығып, өз орныңды табу өте қиын.

Әндерім өзіме ұнамайды

Бауырыңыз Мәди де көпшілікке әнші ретінде таныла бастады. Өз шығармашылығына байланысты сізбен кеңесе ме?

– Әрине, Мәди қандай ән орындаса да, менімен ақылдасады. Шығармашылығына байланысты менің ойымды сұрап тұрады. Бірақ, мен оны басынан аяғына дейін қадағалап отырмын деп айта алмаймын. Ол ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзі білу керек. Тәжірибе жинау тиіс. Дайын асты шайнап берсең, ертең өзіне зиян болады. Ол да әнін өзі жазып жүр. Бимен де айналысады. Мәди пианист болып менің жолымды қумақ. «Болашақта әнші боламын» дейді. Әрине, анам екеуміз оны қолдауға тырысамыз. Бірақ, өнерге сүйрелейтін ойымыз жоқ.

Сіз үшін сахна мәдениеті дегеніміз не?

– Сахна мәдениеті дегеніміз, ең алдымен, сахнаға деген құрмет. Концертке дайындық үшін болса да сахнаға шортымен шықпаймын. Сахна бәрін сезеді. Дайындығың болмаса, өзіңе сенімсіз болсаң, міндетті түрде концертте микрофоның өшіп қалады немесе тағы бір келеңсіз жайттарға тап боласың. Сахнада ән айтып секіру міндет емес. Сен халықтың алдына шыққан соң жақсы көңіл күй сыйлау керексің.

Әндеріңіздің әуенін өзіңіз жазасыз. Отандық композиторлардан ұсыныстар түсе ме?

– Композиторлардан ұсыныс көп түседі. Бірақ, мен оларды орындаудан бас тартамын. Әндерінің көбі маған сай келмейді. Өкінішке орай, олар менің дауысыма, бағытыма сәйкес келгені үшін емес, мен танымал болғаным үшін әнін ұсынады. Осындай әндерді естіп, композиторлардан көңілім қалды. Әндерімнің сөзінің көпшілігін әнші Мархаба Сәби жазып жүр. «Орда» тобына ән жазатын Сержан Бақытжан мен де жұмыс істеймін. Мен әннің идеясы мен не айтылу керек екенін түсіндіремін. Олар соған байланысты сөз жазады.

Өз әндеріңізді тыңдайсыз ба?

– Жоқ. Әндерім өзіме ұнамайды. Дауысымды тыңдай алмаймын. Дайын нұсқасын емес, жай әуенін тыңдайтын кездерім болады. Алғашқы аптада тыңдауым мүмкін. Өйткені, ол – жаңа туынды. Содан кейін өз қателіктерімді байқай бастаймын. Бір жолында әріп дұрыс айтылмаса, бір жерінде қайталанып кетті дегендей, өз-өзімді кінәлай бастаймын.

Күнделікті жұмыс кестеңізді білуге бола ма?

– Менің күнім күндізгі сағат 10-11 де басталады. Таң атпастан тұра алмаймын. Өйткені, ұйқыны жақсы көремін. Күндіз де бетім ісіп, ұйқымды қандыра алмай жүремін. Оған себеп, түні бойы ұйықтамаймын. Түнде шабыт келеді, әуенімді жазамын. Бір күнім бір күніме мүлдем ұқсамайды.

Киноға түскіңіз келеді екен. Қандай рөл жаныңызға жақын?

– Көптен бері киноға түскім келіп жүр. Бірақ, «мына рөлді мінсіз ойнар едім» дейтіндей, нақты кейіпкерім жоқ. Мен кәсіби актер емеспін, тәжірибем де аз. Отандық фильмерден де көңілімнен шыққан рөл болмады. Мүмкін, музыкантты сомдап шыға алармын. Менің арманым – кинода әскери адамды ойнау. Әскери фильмнің кастингіне екі рет барып көрдім. Өкінішке орай, өте алмадым.

Басқа әншілермен дуэт жазу ойыңызда бар ма?

– Жақында әнші Нұржан Керменбаевпен дуэт жаздық. Бірақ оны жарыққа шығармадық. Ол әннің өз уақыты келер. Мейрамбек Беспаевпен дуэтімізді әлі күнге дейін айтып жүрміз. Бұл дуэт жай ғана концерт үшін жазылған болатын. Алайда халықтың көңілінен шығып, әр концертте екеуміздің қайтадан дуэт болып ән салғанымызды сұрайтындар аз емес. Мейрамбек Беспаев ағамызбен бір сахнада тұрып ән айту өте ұнады. Бұл көпшілік әншілердің арманы екені жасырын емес. Солардың ішінде менімен ән айтқаны Мейрамбек ағамыздың менің өнерімді мойындағаны деп түсінемін.

«Шығармашылық дегеніміз – ізденіс, ізденіс дегеніміз – эксперимент» деген болатынсыз. Танымалдылық үшін қандай экспериментке барар едіңіз?

– Қазіргі бағытымды ауыстыруым мүмкін. Егер қазіргі ән айту стилімнен шаршаған болсам, әндерімнің мағынасын аша алмасам, бағытымды ауыстыруға тура келеді. Әзірше оған дайын емеспін. Мүмкін, топ құрып, бірге ән салатын шығармын. Бірақ олар әншілерден емес, музыканттардан болмақ. Тек жанды дауыспен халыққа әдемі әуен ұсынғым келеді. Қазіргі жас әнші Ғалымжан Молданазар музыканттармен тек жанды дауыста өнер көрсетеді. Мен сондай әншілердің елімізде көп болғанын қалаймын.

Отбасын құруға дайынсыз ба? Неге әлі күнге дейін бойдақсыз?

– Отбасын құрып, әке болуға дайынмын. Бірақ, осы уақытқа дейін үйленбеуімнің себебі, өмірлік жарымды кездестірмедім.

Қыздардың сізге бірінші қадам жасап, сезімін білдіргеніне қалай қарайсыз?

– Қазір XXI ғасыр. Мен оған қарсы емеспін. Ойын ашық білдіретін адамдарды құрметтеймін. Әңгіме барысында бәрін түсінуге болады. Мүмкін, ол менің тек сахнадағы образымды ұнататын шығар. Мүмкін, өмірдегі Әли мүлдем ол бойжеткен ойлағандай емес шығар. Екі адамның бір-бірімен танысуына мүмкіндіктер өте көп. Мысалы, жай өмір болсын, ғаламтор болсын. Қасымдағы жақын адамдарым үйленетін жасымның келгенін айтып жүр. Бірнеше қыздармен танысып та үлгердім. Бірақ, мен іздеген аруды кездестірмедім.

Кішкентай күніңізден музыкалық аспаптарда ойнадыңыз. Пианист мамандығын игердіңіз. Күйсандықтан түспейтін қолдарыңыз үй шаруасына тым осал емес пе?

– Үй шаруасына өте нашармын. Ол жағынан қолымнан ештеңе келмейді. Бірақ, ер азамат атқаратын үйдің міндеттерін бір кісідей орындай аламын. Туысқандарымыз ауылда тұрғанда тезек теруге жіберетін. Бір топ балалармен бірге мен де баратынмын. Ауылда қой бағып көрдім. Қазір де ондай шаруа қолымнан келеді. Бірақ, кішкентай күнімдегідей болмас. Қандайда бір шаруаны жасағанды жақсы көремін. Өйткені, еңбектен кейін шаршаған қатты ұнайды.

Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Үлкен үш жобаға дайындық үстіндемін. «Гәкку дауысы», «Алматы – моя первая любовь», «ЕМА МUZZONE 2016» – үшеуінде де әртүрлі нөмір.

Cұхбатыңызға көп рахмет! Шығармашылығыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ 

Қызық оқиғасы

Мұны қызық оқиға деуге болмайды. Десе де, осы оқиғаны баяндап, тыңдармандарымнан кешірім сұрағым келіп тұр. Биыл Астанада 6 шілде күні саябақта ән салуым керек болатын. Бірақ, ұйымдастырушылардың қателігінен болды ма, білмедім? Жолға кеш шықтық. Одан қалса, бір емес, бірнеше кептелісте тұрып қалдық. Келіп жеткен күннің өзінде көлік тұрағы сахнадан өте алыс жерде орналасыпты. Әупірімдеп жүріп концерт алаңына жетсек, халық тарап кеткен, бақта бірде-бір адам жоқ. Мен кешігуді ұнатпайтын адаммын. Бірақ өз басыма келген соң, өкінуден басқа амалым болмады. Осы оқиғадан кейін жанкүйерлерім ренішін білдіріп жатты. Мен уақытында келіп, ән салмағаным үшін кешірім сұраймын.

Биле

Әні Әли Оқаповтікі
Сөзі Сержан Бақытжандікі
Ай, ән арнадым саған, жай ғана әп-әдемі.
Ай, ай, менің әнім, әсте қайғырып күрсiнбейдi
Ол айталмай жүрген сезiмiмдi жырлайды, жаным.
Жаныңда баяу ерiксiз жаулайтын, сол қайғы, жоқ менің әнімде.
Қайырмасы:
Бұл әнім, бұл әнім тек саған,
Жаным, тыңда, тыңда, тыңда.
Ұнайсын, ұнайсын сен маған,
Жаным, тыңда, тыңда, тыңда.
Сен мені ойла,
Елжіреген, мөлдіреген жүрегімді.
Бұл әнім, бұл әнім тек саған,
Жаным, тыңда, тыңда, тыңда.
Биле, биле, биле, биле
Ай, бiр шумағын әннің, салшы менiмен бiрге,
Көктегi, күн шуағым, менің әнырғағымен биле.
Ол айталмай жүрген сезiмiмдi жырлайды, жаным.
Жаныңда баяу ерiксiз жаулайтын, сол қайғы, жоқ менің әнімде.

Пікір қосу